387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада «Кармен» операсы қойылады

  • 665
  • UPD: 08:45, 17.11.2017

142 жыл тарихы бар әлемдік туынды «Астана Опера» сахнасында қойылады.

Жорж Бизенің «Кармен» операсы арқылы көрермен ХІХ ғасырдың ортасына саяхат жасайды. Шетелдік және отандық опера жұлдыздары көрермендерін қарашаның 17-сі, 19-ы аралығында үлкен залда күтетін болады.

«Кармен» әлемдегі үздік опера жауһарларының бірі. Әсерлі әрі тебіреніске толы қойылым көрермендерін ерекше күйге бөлеу үшін барын салып жатыр. «Астана Опера» сахнасына құдды Еуропаның бір қаласы көшіп келген бе дерсің? Сән-салтанаты келіскен декорация, сахналық костюмдер бәрі сақадай-сай. Қойылым суретшісі Франка Скуарчапина қазақстандық әріптестері үшін үлгі ретінде Италиядан ХІХ ғасырдағы ерлер киімінің түпнұсқасын ала келіпті.

Франка Скуарчапино, қойылымның костюмдер бойынша суретшісі:

- Мен үшін бұл – «Карменнің» төртінші қойылымы. Сондықтан киімдер таңдауда қиындық туындаған жоқ. «Астана Опера» театрының қойылымы үшін классикалық нұсқаны таңдадым. Сондықтан әртістер өздерін қолайлы сезінеді деп ойлаймын.

Оқиға – сұлу әрі өмірге құштар сыған қызының тағдыры жайлы өрбиді. Сезімтал Карменнің партиясын елімізге еңбек сіңірген қайраткер Дина Хамзина орындайды. 

Дина Хамзина, Кармен партиясын орындаушы:

- Біздің репертуарда жарқын бір қойылым пайда болды. Осы күндері дайындығымыз жақсы. Барлығымыз көрерменмен қауышуға асығудамыз. Музыкадан алшақтап кеткен ештеңе жоқ, классикалық қойылым.

Осылайша алдағы үш күн бойы «Астана Опера» сахнасы әлемдік туындының мекеніне айналмақ. Спектакльге қатысушылар: «көрермен көңілінен шығуға тырысамыз», – дейді.  

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ермек Кеншімбеков

Хабар 24 телеарнасы