387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Өзбекстан дипломатиялық байланысының орнағанына биыл 25 жыл

  • 1020
  • UPD: 07:32, 26.11.2017

Қазақстан мен Өзбекстан арасында дипломатиялық байланыс орнағанына биыл 25 жыл толып отыр.

Айтулы мерекеге орай Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі Ташкентке гастрольдік сапармен барды.

Елшіліктің ұйымдастырумен өткен «Бірлігіміз жарасқан» атты концерттік шарада өнерпаздар қазақтың әйгілі күйлерімен қатар, әлем классиктерінің туындыларын да орындады. Ұлттық өнердің ұйытқысы болған ұжымның концерттік бағдарламасын Ташкентте өткен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның мүшелері де арнайы тамашалады.

Шараға еліміздің эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллин, опера әншісі Сүндет Байғожин мен Өзбекстан және Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі Жеңісбек Пиязов сынды өнерпаздар қатысты. Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өзге елдің танымал әншілері де тамылжыта ән шырқады.

Жеңісбек Пиязов, Өзбекстан және Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Құрманғазы – бұрыннан келе жатқан оркестр. Бұлардың репертуарында бүткүл дүниенің, елдің музыкалары бар. Сондықтан осы оркестрмен айтқаныма қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі болсын

Сүндет Байғожин, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Құрманғазы оркестрі өз өнерін паш етіп жатыр. Тек қана бұл жерде өзіміздің ғана әндер емес, осы Өзбекстанның әндері, қазақ әндері айтылып жатыр. Екі ел арасындағы қарым-қатынас ешқашан үзілмесін.

Хабар 24 телеарнасы