378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның «Інжуді іздеушілері» Италия халқын тәнті етті

  • 467
  • UPD: 20:12, 18.12.2017

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бұл күнде Италиядағы гастролі аяқталуға жақын.

Шетелдік көрермен назарына түрлі қойылым ұсынған қазақстандық әртістер сапарларын Ези қаласында «Інжуді іздеушілер» атты спектакльмен түйіндеді.

Цейлон аралы. Інжу іздеген бір топ адам су перісін кезіктіреді. Қойылым осы сәттен өрбиді. Оқиға желісі бойынша Зурга есімді көсем мен Надир атты аңшы сұлу бикеш Лейлаға ғашық болады. Су перісінің рөлін сахналаған алматылық театрдың солисі Зарина Алтынбаева.

Марко Пальмолелла, көрермен:

- Керемет спектакль. Сахна тамаша безендірілген. Әртістердің кәсіби шеберлігі де зор. Әсіресе Лейланың рөлінде ойнаған қыздың дауысын айтсаңызшы!

Джулия Лагецца, көрермен:

- Опера көрермен назарын бірден баурап алады. Өзіме қатты ұнады. Заринаның өнеріне тәнті болдым. 

«Інжу іздеушілер» операсы алғаш рет 1863 жылы Парижде қойылған екен. Классиканың ордасы болған Италияда да бұл қойылымды алматылық театрдың ұжымы жоғары деңгейде ойнап шықты.

Нұржан Бажекенов және Зарина Алтынбаева, Абай атындағы ҚМАОБ театрының солистері:

- Осы қойылымда қатты қобалжыдық. Тарихи театрдың сахнасында ойнау оңайға соққан жоқ. Бұл біз үшін тәуір тәжірибе болды. Ең бастысы, көрерменнің ықыласына бөленгенімізге қуаныштымыз. Залдың акустикасы мен көрерменнің қошеметі бізді шабыттандыра түсті. Операдан өзіміз де керемет әсер алдық. 

Атақты итальяндық композитор Джованни Перголези атындағы театр сахнасына алматылық өнер ұжымы алғаш рет шығып тұр. Бірақ әртістер Ези қаласына тәжірибе жинақтауға сан мәрте келген. Бір атап өтерлігі, бұдан 11 жыл бұрын Перголези-Спонтини қорының директоры Уильям Грациози біздің елге ат басын бұрған екен. Сол сапарында қазақстандық музыкадан керемет әсер алғанын күні бүгінге дейін тебірене еске алады.

Уильям Грациози, «Перголези-Спонтини» қорының директоры:

- Қазақстанға ғашықпын! Елдеріңізге жүрегіммен байландым десем де артық болмас. Себебі халықтарыңыздың көңілі көл, пейілі дархан даладай! Әрі өнерді бағалай біледі, өресі биік. 

Асқар Бөрібаев, Абай атындағы ҚМАОБ театрының директоры:

- Италия мен Қазақстан операның отаны! Сондықтан қос ел арасында тығыз байланыс бар. Біздің де сахнада итальяндық бірнеше опера қойылып жүр. Әртістеріміз өзара шығармашылық байланыста. Әрі жиі тәжірибе алмасып тұрады.

Абай атындағы қарашаңырақ ұжымы Италияның Перголези театрында гастролін сәтті аяқтады. Әртістер көрермен назарына 5 күнде 5 спектакль ұсынды. Оның төртеуі Фермо қаласында, ал қорытынды қойылым Ези шаһарында сомдалды. Енді ел астанасы Римде гала-концерт өтеді. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы