385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Операда» Қазақстан мен Сербия сазгерлерінің әуендері шырқалады

  • 360
  • UPD: 10:47, 06.02.2018
«Астана Операда» Қазақстан мен Сербия сазгерлерінің әуендері шырқалады

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен Сербияның танымал пианисті Майя Райкович «Балқан түбегінен Ұлы Далаға дейін» концертін ұсынады.

Қазақстандық және серб композиторларының әуендері 15 ақпан күні театрдың үлкен залында шырқалады.

Көрермен назарына Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» симфониялық сюитасы ұсынылады. Т.Қажығалиевтың музыкалық мұрасы ұлттық өнердің бетке ұстары болып табылары әрі тыңдаушылардың шынайы қызығушылығын тудырары хақ. Т.Қажығалиевтың шығармаларын отандық және шетелдік жетекші ұжымдар әлемнің ең үздік сахналарында орындап келеді.

Майя Райковичтің шығармашылығы көптеген марапаттармен атап өтілген. Ол Carlo Soliva Халықаралық байқауының (Италия), Рахманинов атындағы Халықаралық байқаудың, Jeunesses Musicales Халықаралық байқауының лауреаты. Музыка саласындағы айрықша жетістіктері үшін Белград қаласындағы Өнер университетінің күміс медалі мен Musica Classica басылымынан «Жыл орындаушысы» жүлдесін алды. Майя Райкович алғаш рет 14 жасында жеке концертімен өнер көрсеткен. Сол кезден бастап оның асқан шеберлігі Италия, Ұлыбритания, Грекия, Люксембург, Венгрия, Германия, Португалия елінің көрермендерін тәнті етуде.

«Астана Опера» музыканттарымен бірлесе Майя Райкович Белградта қазақстандық композиторлар – А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Сағатовтың туындыларын үлкен жетістікпен орындады. Енді Қазақстандағы өзінің алғашқы өнер көрсетуінде, пианист елордалық көрерменге серб музыкасын ұсынбақ.

«Вера Миланковичтың музыкасы – жаңа сарынның джаз элементтерімен және серб ұлттық әуендерімен тоғысуы. Фортепианоға арналған концерттің үшінші бөлігі мен үшін ерекше қызығушылықты тудырды, онда халық музыкасымен қатар Л.Бернстайнның әйгілі «Вестсайд оқиғасынан» үзінділер келтірілген. Бұл концерт пианист үшін де, оркестр үшін де өте күрделі, сондықтан шығарма тыңдаушыларды шаттыққа бөлеп, ерекше күш-қуат береді деп үміттенемін», деді Майя Райкович.

Концерт 15 ақпан күні, сағат 19.00-де басталады

Хабар 24 телеарнасы