384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдік камералық музыканың жауһарлары «Астана Операда» шырқалады

  • 617
  • UPD: 10:30, 07.02.2018
Әлемдік камералық музыканың жауһарлары «Астана Операда» шырқалады

Ғ.А.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті – отандық және шетелдік көрермендердің ықыласына бөленген ұжым.

Орындаушылар 18 ақпан күні «Астана Операның» камералық залында «Қазақквартет шақырады» топтамасының «Камералық музыка өнері» концертін ұсынады.

«Осы кеште жақын досымыз – керемет виолончелист, халықаралық байқаулардың лауреаты Тайыр Қаратаевпен бірге өнер көрсетеміз. Біз Франц Шуберттың до мажор ішекті аспаптар квинтетін орындаймыз, бұл туынды әлемдік музыкалық классикада ерекше орынға ие – оны симфониялыққа жуық ауқымдылығы айрықша етеді. Кемеңгер композитордың асқақ туындысының нәзік лирикалығы, романтикалығы мен жігерлігі тыңдаушыларды бей-жай қалдырмасына сенімдімін. «Астана Опера» сахнасында әлемдік камералық музыканың жауһарларын ұсыну – ұжымымыз үшін үлкен мәртебе», – деді квартеттің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев.

Дәстүрге сай «Қазақквартет шақырады» топтамасының әрбір концертінде Йозеф Гайднның 76 опусынан квартет шырқалады. Осы жолы көрермен қауымға «императорлық квартет» ретінде таныс №3 квартет до мажор ұсынылады. Бұл танымал шығарманың екінші бөлігі Германияның әнұранына негіз болғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар бағдарламаға Бела Бартоктың №4 ішекті аспаптар квартеті – бұл композитордың аса күрделі әрі ауқымды туындыларының бірі. Жарқын, өзіндік музыкада венгр халық әуендері айқын естіледі.

Ішекті аспаптар квартетінің құрамында дарынды музыканттар – Айдар Тоқталиев, Алексей Лебедев (скрипкалар), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев бар. Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Хабар 24 телеарнасы