388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық дизайнер Opening Milan fashion week-ке қатысып жатыр

  • 1098
  • UPD: 20:09, 21.02.2018

Қазақстандық дизайнерлер Миланда. Opening Milan fashion week сәнді көрсетілімнің подиумында әйелдерге арналған өз коллекциясын Индира Білісбекова көрсетті.

Бұл – «Сән мен Сахна» халықаралық сахналық костюм фестивалі жеңімпазының шетелдегі алғашқы көрсетілімі. Шараға сондай-ақ Италия, Ресей, Монако және Австралияның модельерлері қатысып жатыр.

Миланда Opening Milan fashion week жоғары сән апталығы басталды. Стилист Елена Савоның командасымен ұйымдастырылған шараға жыл сайын көптеген жаңа талантты дизайнерлер қатысады. Олар өз туындаларын халықаралық дәрежеде көрсетуге мүмкіндіке ие болады. Қазақстандық дизайнер Индира Білісбекованың коллекциясы «Гүл бақшасы» деп аталады. Олар ақшыл көк, қызыл күрең, фуксия түстес сәнді текстуралы матадан жасалған. Дизайнердің айтуынша, Жапонияға жасаған іссапарынан соң туындыларына бірнеше шығыс мәдениеттерін араластыру ойы келіпті.

Индира Білісбекова, дизайнер:

- Мен таңғажайып шоу күтемін. Бірнеше стильді біріктіріп, ерекше этникалық образдар құрастырдым. Өзгеше туындыларым көрермендердің көңілінен шығады деген сенімдемін.

Индира Білісбекова үшін бұл – шетелдегі алғашқы көрсетілім. Ол жақында ғана «Сән мен Сахна» отандық фестивалінің жеңімпазы атанып, өз коллекциясын Миланда көрсету құқығын алған еді.

Мереке Нұрмұханова, «Сән мен Сахна» халықаралық фестивалінің продюсері:

- Жыл сайын біз Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына жиі барамыз. Байқағаным, фестивальдің көмегімен жылына 5-6 сән ательесі республикалық дизайнер дәрежесіне дейін көтеріледі. Жеңімпаздар осында келіп, өз жұмыстарын халыққа паш ете алады.

Opening Milan fashion week – әр елден келетін талантты жас дизайнерлер үшін Еуропаға шығудың бірден-бір жолы. Олар көрсетілімге қатыспас бұрын қатаң іріктеу кезеңінен өтеді. Жаңа брендтің тарихы, тұжырымдамасы және сапасы бағаланады. Ал Қазақстан дизайнерлерінің шығармашылығы бүгінгі күні Еуропада шынайы қызығушылық тудырып отыр.

Элена Саво, Opening Milan fashion week көрсетілімінің ұйымдастырушысы:

- Қазір нарыққа жаңа есім, жаңа бренд қажет. Сол себепті қызығушылық артқан. Жас дизайнерлер қолдарынан келген барлық мүмкіндікті қолданулары тиіс. Себебі қазір дәл солардың уақыты.

Ұйымдастырушылар көрсетілім қонағы етіп fashion-блогерлерді, байерлер мен Миландағы танымал дизайнерлерді шақырды. Подиумдағы бірнеше минут шараға қатысушыларға жаңа көзқарас қалыптастыратыны анық. Қазақстандық дизайнер Индира Білісбековадан бөлек көрсетілімге Италия, Ресей, Монако және Австралияның модельерлері қатысады.

Авторлары: Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы