384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде композитор С.Рахманиновтың 145 жылдығына байқау өтіп жатыр

  • 907
  • UPD: 15:01, 22.02.2018

Ертіс өңірінде орыс композиторы Сергей Рахманиновтың 145 жылдығына арналған «Жүректен шыққан саз» атты халықаралық байқау өтіп жатыр. Шығармашылық додада Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресей елдерінен келген дарынды музыканттар бас қосты.

11 жасар Шохжохон – Ташкент консервториясы жанындағы музыкалық мектептің оқушысы. Жас музыкант бұған дейін Францияның Париж қаласында өткен екі бірдей байқауда жүлделі орынға ие болған. Өзбек баласы бұл конкурсқа бір жыл бойы үздіксіз дайындалыпты.

Шахжохон Исроилжонов, байқауға қатысушы (Өзбекстан):

- Байқауға шақырту алғанда қуанышымды шек болмады. Өз басым, неміс композиторы Иоган Бах пен орыс композиторы Михаил Глинканың шығармашылығына тәнтімін. Сол себепті бүгінгі конкурста қос  тұлғаның туындыларын орындадым.

Ал Махаббат пен Әлия Қарағанды музыкалық мектебінің намысын қорғайды. Бұл -дарынды қыздар үшін бірінші байқау емес. Десе де, халықаралық деңгейде сахна төрінде өнер көрсетудегі алғашқы қадамдары болмақ.

Махаббат Құрманова, байқауға қатысушы (Қазақстан):

– Мен бес жасымнан музыкамен айналысамын. Конкурсқа келдім. Бірінші орын алу үшін. «Ноктюрн» ойнаймын және «Искорка» деген шығарманы орныдаймын.

Халықаралық байқауда 150-ден астам 7 және 24 жас аралығындағы шығармашыл жастар өнер көрсетті.  Дарынды ұл-қыздардың шеберлігін Сергей Рахманинов атындағы қоғамдық қордың өкілдері, «Өнер саласындағы Еуроазиаттық кеңестікті қолдау» қоры, сондай-ақ, Мәскеу мемлекеттік консерваторияның танымал музыканттары сарапқа салды.

Юрий Диденко, жобаның бас директоры:

- Рахманиновтың шығармашылығы кез келген музыканттың даму көкжиегін өлшейтін құрал іспеттес. Ұлы композитордың қалдырған мұрасы бүгінде әлем өнерпаздарын бір арнаға тоғыстыруда. Біздің мақсат та осы – классикалық музыкаға бет бұрған жастарды қолдау, оларды біріктіру.

Айта кетейік, Рахманинов байқауы АҚШ, Қытай, Ресей және өзге елдерде дәстүрге айналған шара. Ал биыл Қазақ елінде алғашқы рет ұйымдастырылды. Сондықтан, бұл дода – жергілікті музыканттар үшін зор мәртебе, зор мақтаныш.

Серік Сыздықов ұйымдастырушы:

- Әрине балалардың бағын ашу – бірінші мақсат. Екіншіден, көкжиегіміздік, географиямызды кеңейту. Тағы бір жақсы жағы колледжіміздің имиджін көтеру, пианистеріміздің, скрипкашыларымыздың деңгейін көтеру.

Байқау жас скрипкашылар мен пианистерге арналған шеберлік сыныптары мен шығармашылық кештермен тәмамдалмақ. Ұйымдастырушылар қолдау болса өнер додасын жыл сайын өткізуге ниетті.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы