382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыстың көшпелі көрмесі Қазақстанға келуі мүмкін

  • 553
  • UPD: 15:30, 04.03.2018

Өзбекстанның Игорь Савицкий атындағы өнер музейі Қазақстанда көшпелі көрме өткізуді көздеп отыр.

Қазір Нүкістегі мұражайда ғасырлар бойы сақталып тұрған экспонаттарды біздің елге жеткізу мәселесі қаралып жатыр екен. Оған қоса музей Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайымен ынтымақтастық жөніндегі ортақ келісімге келген. Демек Қазақстандағы Өзбекстан жылының аясында көпшілік Орта Азия елдерінің ішіндегі ең көне жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл туристік саланың дамуына да негіз болмақ.

Қарақалпақстандағы музей 1966 жылы жасақталған. Оның негізін Орта Азиядағы кескіндеме суретін жинаушы Игорь Савицкий қалапты. Бір қызығы, белгілі этнограф Өзбекстанға көне Хорезм қаласының тарихын зерттейтін экспедиция құрамында келген. Суретшінің Шығыс маржандарына деген қызығушылығы сол кезде ояныпты. Мұражай ресейлік авангардтық кескіндеме жинақтарының арасында маңыздылығы мен көлемі бойынша әлемде екінші, Орталық Азия аймағында ең үздік өнер ошағы деп танылады.

Гүлбахар Ізімтаева, мұражай басшысы:

- Бүгінгі күні мұражай қорында жүз мыңнан астам жәдігер бар. Олардың басым бөлігі ХХ ғасырдың бас кезіндегі бейнелеу өнерлерін қамтиды. Онда танымал Ресей авангардтары мен түркістандық кескіндеме суреттері де бар. Қарақалпақстанның сәндік қолданбалы өнерлері ерекше орын алады. Бірегей қайталанбайтын туындылар тізіміне енгізілген «Сәукеле», «Төбелік», «Көккөйлек» сияқты заттар еш жерде кездеспейді.

Мұражайда бейнелеу өнерімен қатар түрлі сәндік киімдер де қойылған. Тағы бір ерекшелігі, бірнеше елдің сәндік-қолданбалы тоқыма және зергерлік бұйымдары сақталған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде ежелгі қала маңынан табылған көне жәдігерлер де бар. Әсіресе  қыздардың ұзатылғанда киетін киімдері мен шашбау, өрме, шолпы, білезік пен өрнектелген белбеулері еріксіз көздің жауын алады. Мұражай Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейімен ынтымақтастық жөніндегі келісімге келіпті. Демек қазақстандықтар үшін Шығыс маржандарын тамашалайтын күн алыс емес деген сөз. «Көрме екі ел арасындағы мәдени байланыс тамырының тереңде жатқанын көрсетеді», – дейді мамандар.

Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі:

- Қазақстандықтар үшін бұл музейдің мәні бөлек. Себебі оның ішінде қазақтың, қарақалпақтың, өзбектің дәстүрі бар. Бірақ ішінде орыс пен Еуропаның авангарды өте қызық болайын деп тұр. Себебі әр салада жетістіктері көп. Сол жетістіктерін Қазақстанға көрсетсін. Бір жағынан Қастеевтің көрмесі өзбек елінде танымал болады. Соған біз үлес қосып жатырмыз.

Мұражайда сол аймақты мекендеген халықтардың ежелгі және ортағасырлық өнер туындылары, сондай-ақ сауда нысандарды мен өзара мәдени байланыстары көрініс тапқан. Бейнелеу, Археология, Қолданбалы өнер сияқты бөлімдер бар. Алаша мен текемет сияқты тоқыма бұйымдарының орны бөлек. Бұзылған дүниелерді өздері қайта қалпына келтіреді. «Бір сөзбен айтқанда, мұражайдағы дүниелердің баламасы жоқ. Сонысымен де құнды», – дейді мамандар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы