386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда «Шолпанның жарығы сөнбейді» атты кітаптың тұсаукесері өтті

  • 744
  • UPD: 20:47, 05.03.2018

Шолпан Қайыртайқызы Баймолдина.

Бұл есім көрерменге 70-жылдардан бері жақсы таныс. Алғаш жастарға арналған «Құрдастар» бағдарламасын жасаған режиссердің бар ғұмыры телевизиямен байланысты. Бүгін Алматыдағы ұлттық кітапханада «Шолпанның жарығы сөнбейді» атты кітаптың тұсауы кесілді. Талантты режиссердің есімін жаңғыртып, рухын тірілткен кітаптың авторы – оның өмірлік жары Ғаділбек Шалахметов. Олар өмірде қол ұстаса жүріп, телевизияның ыстық-суығын бірге көтерді. Еңбек жолын ассистент ретінде бастап, бас режиссер болған Шолпан Қайыртайқызының «Сұхбат», «Шұғыла» бағдарламалары ел мәдениетіне зор үлес қосты. «Оның әр бағдарламасы көрерменнің жүрегіне жол тауып жататын», – дейді әріптестері. Шолпан Қайыртайқызы Алматы – Дели, Алматы – Токио алғашқы телекөпірлерінің режиссері болды. Оның жасаған хабарлары телевизияның алтын қорынан орын алған.

Ләскер Сеитов, телевизия ардагері:

- Шолпанның еңбегі көп сіңді. Ол институтты бітіріп келіп, ассистент болды. Тетігін түгел біліп алғаннан кейін режиссер болды. Осындай адамдармен бірге болғаныма өте ризамын, тағдырға ризамын. Көрдіңіз бе, Ғаділбек мына кітапты шығарып өмірлік рухын көтеріп, өлгенді тірілткендей жағдайға алып келді.

Аршагүл Тойбаева, телевизия ардагері:

- 1980 жылдардың басында, қазақ телевизиясына келгенде бірінші көрген адамым осы Шолпан Қайыртаевна болды. Ол кісі Мәскеуден бітіріп келген екен. Кішкене орыстілді. Бірақ сондай бір әдемі, тартымды, әлі күнге дейін көз алдымда. 1992 жылы ресми түрде Наурыз тойланып, Елбасының қатысуымен, сол кісінің құттықтауымен біз осы АСК-2-де 12-14 сағаттық хабар түсірдік. Сол хабардың басынан аяғына дейін режиссер Шолпан Қайыртайқызы болды.

Хабар 24 телеарнасы