384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Операда» «Қыз Жібек» операсы сахналанбақ

  • 569
«Астана Операда» «Қыз Жібек» операсы сахналанбақ

Ұлыстың Ұлы күні мерекесін атап өту аясында 22-24 наурызда «Астана Операның» үлкен залында ұлттық операның інжу-маржаны – Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы тыңдарман қауымға жол тартады.

24 наурызда көрермен қауым театр сахнасында керемет сопрано иесі, опера труппасының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрмет орденінің кавалері – Айзада Капонованың Жібек партиясындағы дебютін тамашалайтын болады.

«Қыз Жібек секілді менде Ақжайық өңірінің тумасымын. Ұлттық опералардың ішіндегі маған ең жақыны осы. Сол өлкеде туып-өскендіктен, мен жергілікті салт-дәстүрлерді жақсы білемін. Бұл музыка біздің қанымызға сіңген, кішкентай кезімізден бәрімізге таныс. Үш жасымда-ақ қолыма орамал алып, «Қыз Жібек» операсына енген әндерді шырқайтын едім. Наурыз мерекесінде өзім орындайтын Жібек партиясы әртістік тұрғыдан ғана емес, вокалдық жағынан да жаңа реңге ие», – деді Айзада Капонова.

Әртістің айтуынша, орындаушының алдында атқарар зор міндет тұр.

«Маған бейнені жеткізу аса маңызды. Қыз Жібек – сұлулықтың нышаны. Ол ақылдылық, батылдық және мінездің қайраты сынды қасиеттерге ие болған, ат құлағында ойнаған. Осы партиядағы ең күрделісі – опера соңындағы Жібектің қаза тапқан сүйіктісін жоқтауы. Өзіңнің ішкі-жан дүниеңді қадағалай отырып, көрерменге сезіміңді жеткізе білуің қажет», – дейді ол.

Айзада Капонова «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық музыка академиясын тамамдады. Әнші – көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері. Солистің репертуарында М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сара, Алтынай, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, Б.Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсындағы Мамыр, Дж.Вердидің «Травиата» операсындағы Виолетта, «Риголетто» операсындағы Джильда, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсындағы Олимпия, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсындағы Түн патшайымы, Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Лючия сияқты басты рөлдер бар.

Басты рөлдерде Айзада Капоновадан басқа «Астана Операның» сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Жан Тапин, Сүндет Байғожин, Талғат Ғалеев өнер көрсетеді.

Спектакль сағат 18:00-де басталмақ.

Хабар 24 телеарнасы