389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде 45 телехикая түсіріледі

  • 542
  • UPD: 22:32, 24.03.2018

Қазақстандық теле-өнімдерге шет мемлекеттердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бүгінде отандық кинолар мен телехикаялар Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия және Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдеріне сатылып, көрсетіліп жатыр.

Бұл туралы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» бойындағы теле-радиохабарларды тарату «Ғылым мен технологияны дамыту» форумында баяндама жасаған ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Алан Әжібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, таяуда отандық «Әке» телехикаясы Қытайдың Орталық телеарнасынан таратылды. Мұндай жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Биыл елімізде 45 телехикая түсіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алан Әжібаев қытайлық медиа өкілдерін Astana Media Week шарасына шақырды. Оның сөзінше, былтыр Қазақстан телевизиясының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған апталық контент өндірушілері мен эфирге шығарушы тараптар үшін тиімді алаң болды. Биыл Astana Media Week қыркүйек айында өтеді.

Ян Чэншэн, Қытай мемлекеттік радио және телевизия басқармасы халықаралық байланыс департменті директорының орынбасары:

- Қытай Жібек жолының бойындағы мемлекеттермен өзара ақпарат алмасуды нығайта береді. Соның ішінде көршіміз Қазақ елімен мәдени және медиа саласында жақсы байланыс орнаттық. Телеөнім, көркем фильм ғана емес, саяси-экономикалық ақпаратқа да назар аударып келеміз.

Сондай-ақ Астананың 20 жылдығына орай бірқатар медиашаралар жоспарланған. Мәселен, жазда Азия-Тынық мұхиты аймағы телерадиохабарларын тарату одағының конференциясы өтеді. Қытайдың белді медиа өкілдері де осы жиынға қызығушылық танытып отыр. Өйткені бұл өзара әріптестікті нығайтатын алаңның бірі.

Хабар 24 телеарнасы