389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондон жұртшылығы қазақтың дәстүрлі өнерін тамашалады

  • 1247
  • UPD: 15:55, 10.04.2018

Лондонда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің тарихи және мәдени мұрасын танытуға бағытталған Қазақстан мәдениеті күні өтті.

Британия жұртшылығы қазақ өнерін тамашалап, салт-дәстүрлерімен танысты. Ұлттық тағамдардан дәм татты. 

«Виктория Ембанкмент Гарденс» Лондондағы ең ірі орталық саябақтардың бірі. Бүгін ол қазақ мәдениетінің орталығына айналды деуге болады. Ұлы дала елінің бай мұраларымен танысу үшін Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шараға мыңдаған адам ағылды. Олардың қатарында саясаткерлер мен дипломаттар, Ұлыбритания астанасының тұрғындары мен қонақтары және қазақстандық студенттер бар. Жиналғандар үшін саябақтың дәл ортасында көшпенділердің тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін және толығымен жабдықталған қазақтың киіз үйі тігілді. Одан бөлек Қазақстан және оның туристік әлеуеті туралы жазылған әдебиеттердің арнайы көрмесі де  ұйымдастырылып, келген қонақтарға кітаптар тегін таратылды. Қазақстандық дизайнерлер көпшілік назарына қолөнер және әшекей бұйымдарын ұсынды. Қонақтар сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдары: бауырсақ пен шелпек, қуырдақ пен тәттілерден дәм татты.

Роберт Браун, Джерси қаласының тұрғыны:

- Батыс халқының, меніңше, саяхаттаудағы мүмкіндіктері шектеулі. Көптеген қызықты жәйттер біздің назарымыздан тыс қалып жатады. Мына кітаптан мен кейбір фото көріп, Астаналарыңыздың қандай көркем екендігіне тәнті болдым. Мен сондай-ақ қазақ халқының мейірмандылығы мен қонақжайлығына ерекше риза болдым.

Гопиханд Хиндужа, Лондон қаласының тұрғыны:

- Менің бүгін көргенім ерекше әсерге бөйлейтін жағдай және жүрегіме өте жақын концерттік бағдарлама. Осындай музыканы жаным сүйеді. Әндеріңіз өте керемет. 

Мерекенің көрігін Қызылорда облысынан Лондонға арнайы ат басын бұрған «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі қыздырды. 12 өнерпаз көрерменді түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларымен сусындатты. Олар Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» және ұлы Қорқыт шығармаларынан бастап, әлемнің классикалық туындыларына дейін орындады. Ұжымның жеке орындаушылары болса, жыр-термеден шашу шашты.

Талғат Мақашев, Қызылорда облыстық филармониясының директоры:

- Аймақ басшысының қолдауымен Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Сыр елінің, қазақ өнерінің дәстүрлі өнерін алып келіп, осындағы қандас бауырларымызға және осында жүрген шетел азаматтарына қазақ өнерін таныстырдық. Жалпы халықтың қабылдауы өте жақсы, керемет.

Күнсұлу Түрікпен, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің әншісі:

- Шетел мемлекетінде біздің қазақтың әні шырқалса, қазақтың жыры жырланса, күйі ойналса мен ойлаймын бұл қазақ мәдениетінің, қазақ халқының абыройының асқақтағаны. 

Рухани жаңғыру ұлттық мәдениеттен басталады десек Қазақстан мәдениеті күні қазақтың ұлы ақындары мен композиторлары шығармаларын Шекспир отанында дәріптеуге бағытталған шара болды. Ал алдағы күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкеев және Герольд Бельгердің ағылшын тіліне аударылған туындылары Лондонда өтетін бүкіләлемдік кітап көрмесіне тұңғыш рет қойылып, британиялық оқырманға жол тартпақ. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы