389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана Опера көрермендеріне ХХІ ғасыр үлгісіндегі «Біржан - Сара» операсы ұсынылмақ

  • 861
  • UPD: 15:49, 12.04.2018
Астана Опера көрермендеріне ХХІ ғасыр үлгісіндегі «Біржан - Сара» операсы ұсынылмақ

«Астана Опера» сахнасына қазақ операсының інжу-маржаны – М.Төлебаевтың «Біржан - Сара» туындысы жаңа музыкалық редакцияда қайта оралмақ.

20-21 сәуірде өнер сүйер қауымды таңғажайып тосынсыйлар күтеді.

«Біржан-Сара» – қазақ опера өнерінің төлтума мұрасы. Елордалық театр ұлттық классиканың осынау жауһар туындысына жаңа тыныс, жаңа дем беріп, жандандыруға бел буды. Соңғы заманауи театралдық технологиялардың арқасында, опера сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімделіп, қойылым тобының бүгінгі бірегей шешімдері іске асырылады.

Қоюшы суретші-сценографтар Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов эскиздер бойынша жұмысты 2017 жылдың күзінде бастағанын айтады. Суретшілердің айтуынша, ұлттық қойылымды қолға алу оңай болмаған. 

«Спектакльде алғаш рет таңғаларлық технологиялар қолданылды: адам сенгісіз, бірақ сахнада бірнеше тонна су пайдаланылатын болады. Қазақ жерінің сұлу табиғаты қатты декорацияларда да, сонымен қатар 3D проекцияларда да көрініс табады. Спектакль кинематографиялық әдіспен жасалды», – деп атап өтті қоюшы суретші-сценограф Софья Тасмағамбетова. 

Жаңа режиссерлік нұсқа бұрынғыларынан көлемінің ауқымдылығымен өзгешеленеді. Демек барлық сахна кеңейтіледі деген сөз. Көрермен назарына жәрмеңке серуенінің барлық түрлі атрибуттары ұсынылады деп күтілуде, ал шын мәніндегі тыныс-тіршілікті жеткізу үшін спектакльге жануарлар қатысатын болады.

Бұдан өзге, спектакльдің тұжырымдамасы барлық кейіпкер бейнелерін біржақты баяндалмайтындығымен ерекшеленеді. Оқиға дүниеде орын алмаған Біржан мен Сараның махаббаты жайлы баяндайды. Дәстүр бойынша, опера басты қаһарманның қазасымен аяқталады, дегенмен қоюшылар көрерменге құрбандыққа шалынған махаббаттың бекер еместігін жеткізуге тырысты.

Қойылым тобының құрамы: қоюшы режиссер PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров және кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Мұхитдинов, балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Нұрқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Тәти. Қоюшы режиссердің ассистенттері – Е.Нұрсұлтан, Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов. Музыкалық редактор – Т.Жармұқамет. Жарық бойынша суретші – Я.Пантани. Проекциялар бойынша дизайнер – С.Металли. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов.

Қ.Жұмалиевтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың лирикалық-драмалық операсы алғаш рет 1946 жылдың 7 қарашасында Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында ұсынылған еді. 72 жыл ішінде «Біржан – Сара» операсы халықаралық атаққа ие болған-ды. Қойылым 1958 жылдың 6 желтоқсанында Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігінде көрсетілді. Берлин мен Дрезденде үлкен жетістікке ие болды (1986). Кейін либретто түрік тіліне аударылды да, спектакль 2013 жылы Самсунде, сондай-ақ 2014 жылы Ыстамбұл, Бурса, Эскишехир мен Анкарада өтті. 

Жаңа музыкалық сахналық редакция ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында көрсетілетін болады.

Хабар 24 телеарнасы