383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақфильмнің» қысқаметражды фильмдері Канн кинофестивалінде көрсетіледі

  • 437
  • UPD: 10:28, 19.04.2018
«Қазақфильмнің» қысқаметражды фильмдері Канн кинофестивалінде көрсетіледі

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қысқаметражды фильмдер 8-19 мамыр аралығында Францияда өтетін Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілетін болады.

Әлемдік қысқаметрлі фильмдерге арналған Канн фестивалінің кәсіби бөлімі – Short Film Corner бағдарламасы аясында отандық екі кинотуынды – «Тығылмақ» және «Асан» атты фильмдер көрсетіледі. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – кино әліміндегі кәсіби киногерлердің басын қосып, жас режиссерлер мен продюсерлер, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дистрибьюторлар арасында байланыс орнату. Осы бағдарлама аясында көрсетілген фильмдер халықаралық кинофестивальдерге жолдама алып, халықаралық серіктестер және дистрибьютор табуға мүмкіндіктері бар.

Биыл Short Film Corner бағдарламасына қатысуға көптеген елдің режиссерлері атынан 2000-нан астам тапсырыс келіп түскен. Жыл сайын ұлғаятын бұл көрсеткіш қысқа метрлі фильмдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетсек, «Тығылмақ» және «Асан» фильмдері былтыр «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңске жетіп, өндіріске жіберілген болатын.

Режиссер Венера Қайыржанова түсірген «Тығылмақ» фильмі ересектер проблемасына куә болған екі кішкентай қыз туралы баяндайды. Олар сол жағдайдан қашып, өз балалар әлеміне жасырынамыз деп, көшеде «тығылмақ» ойнайды.

Бұл туынды Санкт-Петербор қаласында өткен V халықаралық «Inтоннация» дыбыс режиссерлерге арналған кинофестивальде Григорий Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды (фильмнің дыбыс режиссері Қойшын Қанай).

Ал режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильмінде көп жылдары әкесін көрмесе де, оны ақтық сапарға шығарып салуға барған жігіттің өмірі суреттеледі.

Ақпарат көзі: kazakhfilmstudios.kz

Хабар 24 телеарнасы