386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық кинокартиналар Канн фестиваліне келгендердің қызығушылығын тудырды

  • 690
  • UPD: 23:26, 11.05.2018

Францияның Зеңгір жағалауында қазақ мәдениетінің кеші өтті.

Еліміздің үздік кинотуындылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында таныстырылуда. Аталған іс-шаралардың барлығы қазақ өнер университеті мен Астананың 20 жылдығына арналды.

«Канндағы қазақ кеші» әлем жұлдыздары ат басын тірейтін қаланың ең әйгілі қонақ үйінде өтті. Еліміздің атынан «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева мен әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Дарынды скрипкашыға қошемет білдірмеген адам жоқ. Ал жас болса да, талантымен әлемді мойындатқан Димаштың дауысына француздар таңдай қағудан жалыққан емес.

Марк Ивасилевич, продюсер (Франция):

– Димашқа үнемі қолдау білдіріп отырамыз. Оның дауысы күннен күнге орнығып келеді. Ол қайсар жігіт, оның бойында тектілік пен зиялылық бар. Қазақстанда тамаша талантты жастар көп.

Димаш Құдайберген, әнші:

– Біздің қазақ елінің кино саласы, қазақ елінін мәдениеті, өнері жарықтай берсін деп айтқым келеді. Айман Қожабековна апайларымыз сияқты, Асанәлі аға сияқты үлкен тұлғаларымыздың салған ізімен, дара жолымен жүретін болсақ, біз болашақта Грэмми секілді қазақ тарихында ешкім алмаған сыйлыққа ие боламыз деген үміттеміз.

Пьер Спенглер, кинопродюсер (Ұлыбритания):

Мен Димаштың өнерімен былтыр дәл осы Канн фестивалінде таныстым. Оның дауысы қайталанбас, бірегей құбылыс. Әнді қалай айтады десеңізші! Керемет дауыс, тамаша орындаушы!

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева Каннда өткен қазақ мәдениетінің кешінде сөз алды. «Форум киноны алға дамыту үшін келіссөздер мен кездесулер жүргізуге, кинокомиссияның қызметі мен жобаларын көрсетуге мүмкіндік береді» деген ол мемлекеттің қолдауы арқасында кино саласы қарыштап дами бастағанын атап өтті. Оның үстіне еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі кинематографиялық қауымдастықпен бірігіп, «Кинематография туралы» Заң жобасын жасап шығарды.

Алмат Сүйінов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаментінің директоры:

– Біздің қазақ кинематографтың дамуына үлкен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы Канн фестиваліне біздің екі кинокартинамыз қатысып жатыр. Біреуі «Ерекше көзқарас» деген бағдарламасы бойынша. Енді тек ғана жеңістен үміттіміз және ол біздің кино саламыздың дамуына жасалған үлкен қадам деп санауға болады.

Беделі басым Канн кинофестиваліне Қазақстан осымен екінші мәрте қатысып отыр. Қазір бізді жұрт халықаралық ынтымақтастық пен әріптестік саласында болашағы зор кино жасаушы ел ретінде таниды. Осының арқасында «Қазақфильм» мен Tokyo New Cinema жапон кинокомпаниясы «Барымташылар» атты кино жобасын қолға алды. Сонымен қатар қытайлық әріптестермен бірігіп жасалатын «Композитор» киножобасы да дайындық үстінде.

Юлия Ким, кинопродюсер (Қазақстан):

Өткен жылы жапон продюсері Сёдзо Ичияма және режиссер Резе Такебомен кездесіп, өз жобамыз жайында айтып берген едік. Шетелдік мамандарға режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің идеясы қатты ұнады. Содан кейін «Қазақфильм» мен Tokyo New Cinema ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Биыл түсірілімді бастаймыз деп үміттенемін.

Әйгілі актер Асанәлі Әшімов ойнаған режиссер Қуат Ахметовтың «Әруақ» киносының трейлері, Санжар Мәдиев басты рөлде ойнаған Джефф Веспаның «Әміре» фильмі, Ермек Тұрсыновтың «Киномеханигі», Болат Қалымбетовтің «Талан» фильмі мен өзге де кинокартиналар Канн фестиваліне келгендердің қызығушылығын тудырды. «Қазақстанның ұлттық павильоны» 71-ші Канн фестивалі жабылғанша, яғни 19 мамырға дейін жұмыс істейді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы