382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ыстамбұлда ұлттық спорт түрлерінен III мәдени фестиваль өтіп жатыр

  • 448
  • UPD: 17:44, 12.05.2018

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының қолдауымен Ыстамбұлда ұлттық спорт түрлерінен III мәдени фестиваль өтіп жатыр.

Дүбірлі шараға биыл түбі бір түркі елдерімен қатар Жапония, Катар, Иордания және Еуропаның бірқатар мемлекетінен жалпы саны 900-ге жуық спортшы қатысып отыр. Олар сайыстың 13 түрінен өнер көрсетеді.

Ұлттық спорттың мәдени фестивалі – Ыстамбұлда өткізілетін ең танымал дәстүрлі шаралардың бірі. Айтулы жиынның аясы жыл сайын кеңейіп, жергілікті халықтың қызу қолдауына ие болып отыр. Оның үстіне биыл фестивальге қатысушы елдердің саны өсіп, спорт түрлері де айтарлықтай артты.

Мысалы, осынау шараға тұңғыш рет келген Катардың құсбегілері қаршығамен аң аулап, саятшылық өнерін көпшілікке паш етті. Ал жапонның атты әскерлері садақпен нысана дәлелдеп, құралайды көзге атқан мерген екенін дәлелдесе, Иордания корольдігінің жауынгерлері қылыштасудың қыр-сырын көрсетті. Спорттық қойылымнан ерекше әсерленген көрермен әсіресе көкпар ойыны басталғанда қиқуға салды. Өйткені алаңға Қазақстан мен Түркия құрамасының көкпаршылары шығып, дүбірлі шараның көркін қыздырды. Алғашқы минутта-ақ салым салып, қанжығасы майланған қазақ жігіттері бұл тартысты бәсекеде 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

– Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық азамат ұлттық спортпен тұрақты түрде шұғылданады деген дерек бар. Жалпы әлем бойынша да осы этноспортқа деген қызығушылық кең етек алып келеді. Себебі әрбір халықтың өзіндік ерекшелігі мен болмысын тану үшін осы ұлттық спортымен ұлттық болмысын білдіруге болады. Әсіресе түркі халықтарымен тарихымыз бір, түбіміз бір, ойынымыз да бір болғандықтан, олардың тәжірибесімен танысу біз үшін жақсы дүние. Сондықтан Ыстамбұлда өтіп жатқан фестивальге арнайы келіп, Қазақстан атынан көкпар құрамасы қатысып, ойындарын көрсетіп жатыр. Осы алаңда әртүрлі ұлттардың ойынын көру арқылы ұлттық спортымызды алға жылжытуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар фестиваль аясында әр мемлекет өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын таныстыруға мүмкіндік алды. Ол үшін арнайы шатырлар мен ақпараттық стендтер көпшілік назарына ұсынылған. Мұнда қолөнершілер, суретшілер, темір ұсталарының қолынан шыққан ұлттық өнімдерді кездестіруге болады. Ал Қазақстан негізгі шара өтіп жатқан алаңның төріне он екі қанатты «Ақ орда» деп аталатын киіз үй тікті. Оның іші мен сырты да ою-өрнекпен көмкеріліп, ұлттық нақышта безендірілген. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының төрағасы Біләл Ердоған бастаған мәртебелі меймандар арнайы бас сұғып, сәні мен салтанаты жарасқан киіз үйіміздің сәулетіне таңданыстарын жасыра алмады. Қазақтың қонақжайлығы мен дарқан көңілі де түріктерді ерекше әсерге бөлегендей. Өйткені қос елдің достығы мен бауырластығы мәңгі болсын деген ниетпен, түрік халқына он екі қанатты осы киіз үй сыйға тартылды.

Біләл Ердоған, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының төрағасы:

– Қазақ бауырларымыздың бізге деп, арнайы сыйға берілген «Ақ орда» киіз үйі ішінде тұрмыз. Ол ұлттық нақышта өте әдемі безендірілген. Айнала бояуы қанық ою-өрнектермен кестеленіпті, сұлулығы көздің жауын алады. Өте бағалы сыйлықтарыңызға мың алғыс айтамын.

Ұйымдастырушылар халықаралық іс-шаралар арқылы ұмыт болған ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғыртып, оны кеңінен насихаттамақ. Әсіресе өскелең ұрпақты спортқа баулуға айрықша көңіл бөліп отыр. Мысалы, Түркия бойынша жыл сайын садақ ату, күрес пен тоғызқұмалақ үйірмелері көптеп ашылып, онымен шұғылдануға ниет танытқан жастардың қатары күн санап көбейіп келеді екен.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы