389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алтын адам экспонаты Бакуде

  • 756
  • UPD: 08:18, 24.05.2018

Әзербайжанның Ұлттық мұражайында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің туындылары» көрмесі ашылды.

Экспозиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Алтын адамның өзге елдерге таныстырылымы» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Алтын адам экспонаты Бакуде. Қазақстанның ұлттық мұражайы құнды жәдігерін Әзербайжанға әкелді. Дәл осы түркі әлемінің артефактісін әзербайжандықтар ұзақ күткен еді. Енді тарихи көрмені кез келген тұрғын немесе қала қонақтары шілденің 1-іне дейін көре алады. Әзербайжан мәдениет орталығы бұл экспозицияға Ұлтық музей тарихындағы ең беделді көрме деген баға беріп отыр.

Севда Мамедалиева, Әзербайжан мәдениет министрінің орынбасары:

- Бүгін Әзербайжан тарихындағы маңызды күннің бірі. Қазақстандық бауырларымыз, әлемдегі ең үздік және құнды көрмені біздің елге әкелді. Бұл Ұлы дала экспонаттары мен Алтын адам. Жәдігер қазақ мәдениетінің символы десек болады. Менің ойымша, мұндай мәдени шаралар екі елдің серіктестік қатынасын нығайтып, ынтымақтастығымызды тереңдете түседі.

Кемел Ақышев басқарған археологтар сақ жауынгерінің алтын сауыт-сайманын 1969 жылы Есік маңынан тапты. Дәл сол жерден ғалымдар руникалық жазуларды да байқаған. Оның мағынасын ашумен Заур Гасанов айналысқан. Зерттей келе ғалым табылған жауынгердің аты Сынглы болуы мүмкін деген болжамын айтты. 

Заур Гасанов, археолог-этнограф:

- Мынау руникалық жазу табылған қорған. Бұл – барлық түркі халқы үшін маңызы зор мекен. Дәл осы қорған мен руникалық жазу скиф-сақ ғасырынан бері түркі әлемін біріктіретін символ болып табылады. Осы сала бойынша қазақ және өзге түркі халықтарының ғалымдарымен тығыз жұмыс жасалды. Алдағы уақытта Әзербайжан мен Қазақстан ғалымдары біріккен зерттеулер жүргізетін болады. 

Көрмеге Есік қорғанынан табылған біздің заманымызға дейінгі VII-ІІІ ғасырлардағы алтын бұйымдардың жиынтығы, XIX-XX ғасырлардағы 170-тен аса әйелдердің күміс әшекейіі қойылған. Әзербайжан – осымен Алтын адамды паш еткен үшінші мемлекет. Бұдан кейін экспонат еуропалық қалаларға жол тартады.   

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы