388,93 435,25 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь елінің дирижері В.Плоскина алғаш рет «Астана Опера» оркестріне дирижерлік етпек

  • 492
Беларусь елінің дирижері В.Плоскина алғаш рет «Астана Опера» оркестріне дирижерлік етпек

Беларусь Үлкен театрының бас дирижері, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Виктор Плоскина Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің дирижерлік тұғырынан көрінбек.

Х.Брогхауздың қойылымындағы атақты «Айналар травиатасы» 30 мамыр күні театрдың Үлкен залында өтеді. Осы кеште Флора Бервуа партиясында алғаш рет опера труппасының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты меццо-сопрано Малика Минизини өнер көрсетеді.

Үлкен сұранысқа ие маэстро Виктор Плоскина елордалық театр сахнасында тұңғыш рет өнер көрсетеді. Ол – Беларусь Республикасының Үлкен опера және балет театрының бас дирижері, Н.Лысенко атындағы Харьков Ұлттық академиялық опера және балет театрының (Украина) музыкалық жетекшісі. Маэстроның тығыз гастрольдік кестесі отаны мен Австрия, Германия, Нидерланды, Бельгия, Испания, Болгария, Эстония, Ресей, Әзербайжан және тағы да басқа елдердегі көптеген өнер көрсетулерінен құралған. В.Плоскинаның марапаттарының ішінен С.Турчак атындағы II халықаралық дирижерлер байқауындағы (Киев) жеңісін атап өткен жөн. Дж.Вердидің «Набукко» операсының қойылымы үшін Беларусьтегі беделді Ұлттық театралдық сыйлығына ие болып, Украина Президентінің жарлығымен III дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» ордені табысталған. Дирижердің кең ауқымды репертуарында көптеген опера және балет спектакльдерінің қойылымдары, ораториялар, кантаталар, симфониялық туындылар бар.

Бұл кеште театрдың басты сахнасында тағы бір дебют орын алады: «Астана Опера» театрының солисі Малика Минизини асқан сұлу куртизанка Флора Бервуаның рөліне дайындалуда. Әйгілі композитор Джузеппе Вердидің тамаша музыкасын орындау – әртіс үшін үлкен қуаныш.

– Флора Бервуа – өр мінезді әрі тартымды жас әйел. Осы қасиетінің арқасында ол париждік зиялы қауым арасында үлкен жетістікке қол жеткізе алды. Виолетта Валеридің жақын құрбысы ретінде әрдайым қасында болып, сол ортада жүреді, оның өмірінде орын алған мән-жайлардың бәрін Флора жақсы біледі. Сондай үлкен партия болмаса да, маңызы елеулі, себебі спектакльде бар-жоғы екі әйел бейнесі ғана бар. Мұнда қателесуге жол жоқ, ашылып, шарықтап ән салуға да ұзақ уақыт жоқ. Сахнаға шыққан сәттен бастап, алғашқы ноталардан-ақ вокалдық тұрғыдан болсын, актерлік жағынан болсын тамаша қалыпта болу қажет, ән салу кезінде ырғақ екпінін дұрыс қоя білу керек, – атап өтті Малика Минизини.

Сондай-ақ Үлкен зал сахнасының төріне «Астана Опера» театрының жетекші солистері шығады. Виолетта Валери басты партиясында халықаралық байқаулардың лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, Альфред Жермон рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов өнер көрсетеді, құрметті отағасы әрі адал әке бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев сомдайды, Гастон – Бейімбет Таңарықов, Аннина – Елена Ганжа, Маркиз д’Обиньи – Болат Есімханов, Барон Дюфоль – Евгений Чайников, Доктор Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Джузеппе – Рамзат Балакишиев, Комиссионер – Нұрлыбек Қоспармақов.

Франческо Мария Пиаве либреттосының негізіне А.Дюма-ұлының «Камелия ұстаған ханым» романы алынған. Қоюшы режиссер – Хеннинг Брокгауз (Италия), суретші сценограф – Йозеф Свобода (Чехия), костюмдер бойынша суретші – Джанкарло Колис (Италия). «Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хоры, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер – Наталья Кагадий. Спектакльдің басталуы сағат 19.00-де.

Хабар 24 телеарнасы