378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулықтар «Әлиханның аманаты» қойылымын тамашалады

  • 507
  • UPD: 23:23, 31.05.2018
Ақтаулықтар «Әлиханның аманаты» қойылымын тамашалады

Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрда «Әлиханның аманаты» қойылымы сахналанды.

Туынды ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухтарын бейнелейді. Спектальде көрермен қазақ үшін басын бәйгеге тіккен нар тұлғалар тағдырымен танысты. Сондай-ақ бүгін қала халқы Жалау Мыңбайұлы мен Тобанияз Әлниязұлы ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.  

«Әлиханның аманаты» пьесасының дүниеге келуіне Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы жазылған зерттеу жазбалары арқау болған. Көрермен бұл қойылымнан өмір бойы әр қазақтың көзі ашық болуын аңсап өткен ұлт көсемінің тағдырын терең таныды. Қараңғы халықтың сауат ашуы жолында күресіп, жанын қиған бес Алаш қайраткерінің аманатын естіді.

Рамазан Ақтаев, театр әртісі:

- «Әлиханның аманаты» спекталі қазақ сахнасында алғаш рет сахналанды. Ол біздің театрда. Авторы – Нартай Сауданбекұлы деген жас драматург. Шығарма желісінде халықты қараңғылықтан алып шығудағы Әлиханның үлкен еңбегін, сол кездегі зиялы қауымның қиын заманнан, халықтың көзін ашудағы үлкен еңбектерін, тер төккенін көрсетеді. Атылып кеткен Алаш ардақтыларының соңғы бейнесі көрінеді.

Зұлмат жылдары Маңғыстау жеріне жүздеген өзге ұлт өкілі жер аударылған. Олардың кейінгі ұрпағы ұлт қайраткерлері Жалау Мыңбайұлы мен Тобанияз Әлниязұлы ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бұған дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ұлықтау мақсатында өңірлік ассамблея мүшелері мектеп оқушылары және сарбаздармен кездесулер өткізген еді.

Айрапет Курдоглян, армян этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Қазақ жеріне күштеп жер аударылған шешен, неміс, кәріс, Кавказ халықтарының кейінгі ұрпағы тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына үлесін қосуда. Бір үйдің баласындай болған жас буын зұлмат жылдарда тоталитарлық режимге қарсы тұрған ұлт зиялыларының ерлігі мен еңбегін білуі керек. «Тарихын ұмытқан елдің келешегі қараңғы» деген қанатты сөз біз өткізген жиындарда жиі айтылды.

Кешке облыстық музыкалық-драма театрда «Елім деп өткен ер Жалау» атты қойылымның тұсаукесері өтті. Спектакльде қазақ халқын малынан айырып, аштан қыруды ойластырған саясатқа қарсы тұрған мемлекет қайраткерінің ерлігі суреттеледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы