384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шебер пианист Данияр Есімханов Астана Операда өнер көрсетеді

  • 522
Шебер пианист Данияр Есімханов Астана Операда өнер көрсетеді

Танымал қазақстандық аспапшылар – Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті мен пианист Данияр Есімханов 7 маусым күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Музыкалық сұхбат» концертінде өнер көрсетеді.

«Қазақквартет шақырады» топтамасынан ұсынылған қанық концерттік бағдарламада әртүрлі екі бағыт – классицизм мен романтизм шығармалары шырқалмақ. Ішекті аспаптар квартеті жанрының негізін қалаушылардың бірі Й. Гайднның №6 ішекті аспаптар квартеті, ми-бемоль мажор, ор.76, сондай-ақ романтик-композиторлардың шығармалары – Ф.Шуберттің №13 ішекті аспаптар квартеті, ля минор «Rosamunde» D 804, ор. 29 және Р.Шуманның Клара Шуманға арналған Фортепианолық квинтеті, ми-бемоль мажор, ор.44 орындалмақ.

Қазақстанда және шетелдерде оркестрмен әрі ансамбльмен белсенді түрде жеке концерт беріп жүрген шебер пианист Данияр Есімханов музыкалық кештің қонағы болмақ.

- Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетімен бірге көптен бері қызмет етіп келеміз. Осындай дарынды, жоғары кәсіби музыканттармен жұмыс істеу мен үшін үлкен ғанибет. Қазір де алдағы шығармашылық кездесудің жемісті боларына үмітім зор. Бұл концертте біз Р.Шуманның Фортепианолық квинтеті, ми-бемоль мажор, ор.44 ұсынамыз. Неміс композиторы барлық жанрларда шығарма жазғанын, оның ішінде көптеген камералық музыка шығарғанын атап өткен жөн. Аталмыш фортепианолық квинтетке келетін болсақ, бір туындыда Р.Шуманның барлық қыры бейнеленген деуге болады. Музыкада ерекше романтикалық екпін бар, ол бейнелі тақырыптық қарама-қарсылыққа толы. Квинтеттің күрделілігіне қарамастан, оны үйрену әрі ойнап шығу көңілге қуаныш сыйлайды, - деп пікірімен бөлісті Данияр Есімханов.

- Біз дәуірлер мен музыканттар арасында музыкалық сұхбат жүргізетін боламыз. Себебі камералық музыка дегеніміз – тең дәрежелі аспаптардың өзара әрекеттестігі ғой. Олардың одағынан әрбір аспапқа тән сан алуан тембрлер мен бояулардың үйлесімімен ерекшеленетін адам сенгісіз әсемдік туындайды. Композиторлық тұрғыдан квинтет өте қызықты жазылған. Бұл – жасампаз күшке ие, игі тебіреніс пен аса нәзік сыршылдыққа толы ғажайып музыка, – деп пианист ойын қорытындылады.

Керемет аспапшылар Айдар Тоқталиев, Алексей Лебедев (скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) және Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың (виолончель) орындауында Й. Гайднның №6 ішекті аспаптар квартеті, ми-бемоль мажор, ор.76 және Ф.Шуберттің №13 ішекті аспаптар квартеті, ля минор «Rosamunde» D 804, ор. 29 шырқалады.

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті – «Астана Опера» театрындағы концерттердің тұрақты қатысушылары, әртістер осы маусымда да елорда қонақтары мен өздерінің айнымас тыңдармандарын жаңа өнер көрсетулерімен қуанту дәстүрін жалғастырады.

Хабар 24 телеарнасы