365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ хандығының күрделі кезеңдерін қамтитын тарихи жобаның екінші маусымы ОҚО-да түсірілуде

  • 210
  • UPD: 13:22, 14.06.2018

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмінің екінші маусымы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында түсіріліп жатыр. Ауқымды тарихи жобаның кейбір көріністерін түсіру жұмыстары одан әрі Түркістан, Тараз жерінде жалғасады.

Тарихи жобаның екінші маусымы қазақ хандығының ең күрделі кезеңдерін қамтиды. Оқиға Жәнібек пен Керейдің Шайбани ұрпақтарымен шайқасы, Ақ орданың астанасы Сығанақтағы тақ үшін талас төңірегінде өрбиді.

Рүстем Әбдіраш, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің режиссері:

– Бірінші маусыммен салыстырғанда, бұл әрине қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын. Сценарий тарихи негізде жазылды. Бірақ жастарға қызық болсын деп көптеген сол заманның оқиғасын қайтадан тірілтуге тырыстық.

Жәнібек сұлтанның хан сайлануы да екінші маусымның еншісінде. Бұл сәт киелі Түркістанда түсіріледі. «Себебі дәл осы Түркістан жері талай тарихи кезеңдердің куәгері», – дейді шығармашылық топ өкілдері. Жаңа маусым аманаттан қайтқан Бұрындықтың таққа отыруымен аяқталады.

Аян Өтепберген, актер:

– Тарихи фильмдер өзіме ұнайды. Қазір қатарлас «Томирис» фильмі түсіріліп жатыр. Ол да бір үлкен ауқымды жоба.

Түлкібас маңындағы түсіру алаңында он бесінші ғасырдағы ауылды жасау үшін 30-дан астам киіз үй жалға алыныпты. Бірінші маусымдағы біраз реквизитерді қайта жаңартуға тура келген. «Тарихи жоба болғандықтан, жауапкершілігі де жоғары», – дейді режиссер.

Рүстем Әбдіраш, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің режиссері:

– Кейде ауа райы кедергі келтіреді. Жаңбыр жауып жатады. Екі-үш күн қалып қоямыз. Күн шыққан күндері графикті қуып жетуге тырысамыз. Тарихи фильм оңай шаруа емес. Әрбір эпизодты түсіру үшін кем дегенде бір жарым екі күн кетеді.

Қазіргі уақытта фильмнің 8 бөлімі түсірілген. Жаңа маусымның алғашқы көрсетілуі биыл желтоқсан айына, еліміздің Тәуелсіздік күніне жоспарланған.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Осы категория бойынша: « Үздік өңірлік радиостанция жүлдесі кімге бұйырады? Елордада ашық аспан астындағы «Домбыра Party» кештеріне кез келген адам қатысуына болады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы