374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің домбыра залында 60-тан аса күй аспабы тұр

  • 307
  • UPD: 10:55, 17.06.2018
Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің домбыра залында 60-тан аса күй аспабы тұр

Қазақ күй өнерінің бір саласы батыс мектебі десек, Атырау аймағы – талай күйшілердің тал бесігі болған мекен.

Құрманғазы мен Дина, Есбай мен Баламайсан сынды арқалы күйшілердің шығармалары халық жадынан мәңгі орын алса, олар тұтынған аспаптар музейде баға жетпес жәдігер ретінде сақтаулы тұр. Көрме залындағы жәдігерлердің ең құндысы – Дина Нұпейісова ойнаған күй аспабының түпнұсқасы. Жалпы, көрме залындағы қай аспапты алып қарасақ та, өзіндік тарихы мен қазақ өнерін жанына серік еткен тұлғалардың саусақ ізі сақталған.

Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің домбыра залында 60-тан аса күй аспабы тұр. Мұнда күй атасы Құрманғазы домбырасының көшірмесі сақтаулы. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров бастаған осы заманның талай ұлы тұлғаларының көзі тірісінде ойнаған аспаптары аса бағалы жәдігер ретінде көрмеден орын алған. Ал мына домбыра – әйгілі сазгер, көзі тірісінде күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың талай дүбірлі додаларда абыройын асқақтатқан айтулы аспап. 

Айсана Бақытжанқызы, музей қызметкері:

- Дина әжеміздің «16 жыл» күйі Құрманғазы бабамыздың «Кішкентай» күйінің жалғасы іспетті. Себебі екеуі де халқымыздың азаттық аңсаған арманы негізінде шыққан шығармалар.

Дина шешеміздің бұл домбырасын Орал өңірінде 1930 жылдары жасалған. Оны ұлы Мұрат Алматыдағы орталық музейге 1965 жылы табыстапты. Алайда әлдебір себептермен кері алып кеткен. Кейін  аспап атыраулық өнер жанашыры Тұяқ Шәмілов деген азаматтың қолына түсіп, ол 1978 жылы осы музейге тарту етіпті. Жалпы көрме залындағы қай аспапты алып қарасақ та, өзіндік тарихы мен қазақ өнерін жанынан серік еткен тұлғалардың саусақ табы сақталған.

Динара Бейсембаева, өнер зерттеушісі:

- Кәрі Каспий өңірінде батыстың домбырашылық мектебі қалыптасқан. Себебі Еділ-Жайық бойында, Тайсойған, Нарын құмдарында небір дәулескер домбырашылар мен атақты күйшілер, жыршылар мен термешілер, атақты орындаушылар дүниеге келген. Бұл игі дәстүр әлі күнге дейін жалғасын табуда.

Атырауда күй атасы Құрманғазы атында гүлзар бар. 6 метрлік алып тұғырда қаһарлы күйші домбырасын білеп ойға шомған қалыпта тұр. Сондай-ақ Дина Нұрпейісованың да мүсіні өзі атындағы саз мектебінің алдынан орын алған. Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық Кіші өнер академиясында жыл сайын көрнекті өнер қайтаркері атында домбырашылар мен оркестрлер сайысы тұрақты өтіп тұрады. Мұның барлығы қазақ домбырасы мен осынау ұлы өнерді бізге жеткізген ұлы тұлғаларға деген құрмет.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Осы категория бойынша: « Алматыда өтіп жатқан халықаралық фестивальге онға жуық елдің өнер иелері келген Астанада бүкіләлемдік театр фестивалі басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы