365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы музейде атақты күйшілерге тиесілі 20-ға жуық домбыра тұр

  • 623
  • UPD: 22:31, 18.06.2018

Қазақ саз аспабының бірегейі құдіретті қара домбыраның бір жарым мың жылдық тарихы бар деседі.

Ұлтымыздың төл аспабы жайында аңыз әңгімелер де көп. Бізге ата-бабаларымыздан мұра болған күйлер қаншама. Оның әрбірінің өз заманына сай тарихы бар. Бұның сол күйлерді орындаған домбыраға да қатысы болса керек. Павлодарда атақты адамдарға шабыт берген жиырмаға жуық домбыра бір жерге топтастырылды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында елімізге танымал өнер саңлақтары, ақын-жазушылардың кезінде қолданған домбыралары сақталған. Мәселен, Мейрам Асылғазин, Байғабыл Жылқыбаев, Нұтфолла Шәкенов, Кәукен Кенжетаев және Мұзафар Әлімбаевтың домбыралары тұр.

Музейдің іргесі қаланған 90-жылдары жәдігерлер облыс тұрғындарынан жиналды. Сол кезде тапсырылған домбыра туралы ешбір дерек жоқ. Бірақ музыкалық аспаптың пішіні Моңғолияның Алтай тауларындағы үңгір тастан табылған көне аспапқа келеді. Үңгірден табылған домбыра бесінші ғасырға тиесілі екен. Мойнына руна жазбасынан аударғанда: «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деп жазылыпты.

Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері:

- Осы сөздердің өзіне қарап отырып домбыраның қаншама жылдық тарихы бар екенін, қазақтың мұңын, зарын, салт-дәстүрлерін, тарихын сақтап, бізге жеткізіп отырған ұлы аспаптардың бірі.

Бауыржан Барлықов үшін домбыра жасау табыс көзі. Қолөнер шебері музыка мектептерімен тығыз байланыс орнатқан. Ұлттық аспаптарды жасай бастағанына отыз жылға жуықтапты. Ағаштан түйін түйіп, қос ішекті сөйлеткен хас шебердің домбыраларымен бірнеше ұрпақ өсіп-жетілді.

Бауыржан Барлықов, қолөнер шебері:

- Тапсырыс беретіндердің басым бөлігі мұғалімдер. Соңғы жылдары Астанамен істеп келемін. Астана жастардың ұясы ғой. Астана – жас қала. Сондықтан шеберлер, мықты домбырашылар – бәрі сол жерде жиналған.

Павлодардың музыкалық колледжінде қазақ ұлт аспаптар бөлімі тәуелсіздік алған жылдарда ашылды. Домбырадан сабақ берген отыз жылда Нұрзия Ғабдулинаның шәкірттері жетпістен асқан. Ұстаздың айтуынша, жаһандану заманында қазақтың ұлттық болмысын, мәдениетін, өнерін, тілін құтқаратын жалғыз жол бар. Ол – жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу, яғни домбыраны кеңінен насихаттау.

Нұрзия Ғабдулина, ҚР мәдениет қайраткері, Ы.Алтынсарин медальінің иегері:

- Ұстаз болған соң шәкірттерім өзімнен озып жатса деймін. Мысалы, өзім ешқандай атағы жоқ жай ұстазбын. Ал менің оқушыларым республикаға танылған және облыстың қай түкпіріне барсақ, оқушыларым менің алдымдан шығып жатады. Мен өте қуаныштымын.

Иә, мақтанса мақтанғандай. Рүстембек Омаров атындағы облыстық ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Талғат Кәрімов, Тәттімбет атындағы күйшілер байқауының бас жүлдегері Қайрат Айтбаев – Нұрзия Назарбекқызының шәкірттері. Көненің көзі болған қара домбырадан төгілген күй мен шырқалған әнде терең мағына жатыр. Ұлы даланың өлмейтін өр рухын дәулескер күйшілер бізге ұлы домбыраның үнімен жеткізді. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, домбыра – біздің ұлттық брендіміз.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Каспий маңы елдерінің театрлар фестиваліне 9 ұжым қатысады Елордада «Кино – руханияттың көзі» жобасы басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы