374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құрманғазының құрметіне арналған күйшілер сайысы биыл Ресейде өтеді

  • 273
  • UPD: 23:26, 28.06.2018

Астрахань өңірлік домбырашылар байқауы биыл бүкілресейлік деңгейде өтеді.

Қазақ халқының біртуар перзенті, ұлы күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының құрметіне арналған «Домбыраның сиқырлы сазы» атты күйшілер сайысы жыл сайын Алтынжар ауылында ұйымдастырылып жүр. Енді қазақ домбырасы күллі Ресейді әлдилейтін болады.

Құрманғазы домбырасы – күй атасының саусақ табы қалған қасиетті мұра. Бұл – Құрманғазы атындағы музейдің мақтанышы, баға жетпес жәдігері саналады. Ұзақ жылдар жанына серік еткен аспапты дала дауылпазы Ыбыр деген шәкірітіне табыстап кетіпті. Кейін ұрпақтары домбыраны осы музейге тарту еткен.

Жұмақыз Иманбаева, «Құрманғазы» музейінің ғылыми қызметкері:

– Құрманғазы бабамыз бұл домбыраның пернелерін өз қолымен байлапты. Таяуда бізге Италиядан келген музыка зерттеуші профессор, пернелердің дыбыс өлшеміне қарай өте дәлдікпен тағылғанына таң қалды. «Қазіргі аспаптардың үнінен мұндай үйлесімділік табу қиын», – деді ғалым.

Қара домбыраның шанағынан төгілген сырлы саз Алтынжар қырын әлі күнге тербеп тұрғандай әсер қалдырады. Себебі бұл – Құрманғазы бабамыз өмірінің соңғы жылдарын өткізген, ондаған шәкірт тәрбиелеген жер. Сол ұлы өнердің ұшқыны әлі күнге сақталған. Құрманғазы атындағы мәдени кешен жанында «Самал» домбырашылар ансамблі жұмыс істейді. Олар былтыр өңірлік күйшілер сайысында топ жарған.

Светлана Әлібекова, «Құрманғазы» мәдени орталығы директорының орынбасары:

– Биыл біздің өңірлік домбырашылар байқауы жалпыресейлік деңгейде өткелі жатыр. Оған Дағыстаннан, Орынбордан, Саратовтан домбырашылар қатысамыз деп тілек білдірді.

Астрахандықтар даңқты жерлестерінің атын мәңгіге қалдыруда көптеген игі іс атқарды. Облыс орталығында 6 метрлік алып ескерткіш асқақтаса, күйші рухы тыным тапқан Алтынжарда әсем кесене тұрғызылды. Сондай-ақ күйші баба атындағы мәдени кешен жұмыс істеп тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Кешен құрамында музей және Құрманғазы атындағы мәдени орталық, сондай-ақ дыбыс жазу студиясы бар. Мұнда келген туристер мен қандастарымыз жалпы қазақ өнерімен танысу үшін этноауылды аралап, күйші атындағы қонақүйдің де қызметін пайдалана алады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Осы категория бойынша: « Нұрсұлтан Назарбаев: Домбыра үнін қырда өскен, мұрнында жусан иісі қалған қазақ қана түсінеді Қарағанды облысында 200-ге жуық адам бір мезетте күй шертті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы