369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдық шебер әйгілі күйшілердің домбырасының дәл көшірмесін жасайды

  • 189
  • UPD: 14:45, 01.07.2018
Оралдық шебер әйгілі күйшілердің домбырасының дәл көшірмесін жасайды

Оралдық Едіге Нәбиев қазақтың әйгілі күйшілері тартқан домбыралардың дәлме-дәл көшірмелерін жасаумен айналысып келеді.

Абай, Құрманғазы мен Махамбеттер ойнаған күй аспаптары қазір еліміздің музейлерінде сақтаулы. Сахналық қойылымдар кезінде оларды театр актерлері пайдаланып жүр. Тек соңғы 6 жылда Едіге Нәбиев 200-ден астам домбыра жасаған. Олардың әрқайсысының өзіне ғана тән ерекшеліктері баршылық.  

Едіге Нәбиев алғашқы домбырасын 27 жасында кәдімгі ағаш сызғыштарды пайдаланып жасапты. Ол кезде кейіпкеріміз жеңіл атлетикадан ел құрамасының бапкері болатын. Домбыра жасауға аңсары ауа берген соң, ақыры қашауын қолға алып іске кіріседі. Бір қызығы, құнды жәдірелер санатындағы сол домбырасын әлі күнге сақтап келеді. 

Едіге Нәбиев, күйші, шебер:

- Біздің театрда бірінші «Құрманғазы» спектакліні қойғанда мен Құрманғазының домбырасын жасадым. Сонымен Тұяқ Шәмелов бастап сол тартты.

Содан кейін «Махамбет» спектакліне Махамбеттің домбырасын жасадым. Содан кейін Абай домбырасын жасадым, Бірақ Дина әжеміздің домбырасы деп қойған домбыралардың бәрі переделка жасаған, енді Дина әжеміздің өзі тартқан натуральный домбырасын мен әлі көрген жоқпын. 

Аспаптың ойдағыдай шығуы ағашына байланысты. Мәселен, жөке ағашы мен теректен жасалған домбыраның үні күңгірт естілуі мүмкін. Сондықтан, бүк пен үйеңкі және қызыл ағаштан жасалғаны дұрыс. «Ең бастысы, асыл өнерге адалдық танытуымыз керек. Сонда ғана көмейінен күй төгілер шешен домбыраны шертуге болады»,- дейді шебер.  

Едіге Нәбиев, күйші, шебер: 

- Қақпағында лагі жоқ домбыралар өте дыбысы қоңыр болып шығады. Оның үстіне әуелде мына қойдың, ешкінің шегін қолданды, табиғи материал. Осы күнде біздер лескіні қолданамыз. Олар флюрокарбон немесе нейлоннан жасалған лескілер. Бірақ олардың біз сапалысын аламыз. Мынау чисто японский шек тұрған шек қазір.  

Тылсым үні тереңнен тамыр тартатын, ғасырлар сарынын бүгінге жалғаған домбыра оңайлықпен жасалмайды. Шебердің де басты арманы замануи аспапқа осынау қайталанбас қоңыр үнді қайтару. Ондай әсем әуезді ананың әлдиімен ғана салыстыруға болар. Тек табиғи дарын мен шынайы шеберлік ұштасқанда ғана дүбірлі додаға түсер дүлділ домбыра дүниеге келмек. Бұл ретте көпшілікке күйшілігімен де танылған Нәбиев шеберлігінің шыңында екендігін дәлелдеп жүр.

Мирболат Ерсаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Ағамызбен әңгімелесіп отырғанда айтқаным бар еді, осы Астрахань облысы Володаровка ауданы Алтынжар ауылында Құрманғазы бабамыздың мәдени орталығында Құрманғазының қолының табы тиген домбыра бар екен. Сол домбыраны біздің өңірге әкеліп, көшірмесін жасауға бола ма дегенде, Едіге аға бірден құп алып жасауға кірісті. Едіге Нәбиев бұл домбыраны өзі бір жылдың көлемінде жасап шықты. 

Едіге Нәбиев Республикалық «Үкілі домбыра» байқау-бәйгелерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Ұмытыла бастаған ескі күйлердің жоқтаушысы. Оның орындауындағы Әлікейдің «Қоңыраласы», Ақбикештің «Айнам қалды», халық күйі «Ақсақ құлан» секілді шығармалар «Батыс Казақстанның дәстүрлі музыкалық мұрасы» мен жеке жинақтарға енген. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов

Осы категория бойынша: « Елордадағы Қазақ елі монуметінде халық серуені өтіп жатыр Сыр бойының халқы Ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы