374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Еуразия» кинофестивалі несімен есте қалды?

  • 277
  • UPD: 20:17, 06.07.2018

Бүгін 14-халықаралық «Еуразия» кинофестивалі салтанатты түрде жабылады.

Бір апта бойы киносүйер қауымды түрлі жанрдағы туындылармен қуантқан дәстүрлі кинобайқаудың жеңімпаздары да анықталуға жақын. Фестиваль жеңімпаздарын атауға қазылар алқасының мүшелері де дайын.

Бұл шараға қатысқан әр картина жеңімпаз болуға лайық десем қателеспеймін. Дегенмен осы фестиваль Орталық Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің қатарынан болғандықтан, байқаудың аты – байқау, шарт бәріне бірдей ортақ. Үздік сценарий, режиссура, актерлік ойын, көркемдік ерекшелігі, жалпы қазылар алқасы осы фестивальге ұсынылған толықметражды болсын, қысқаметражды болсын, әр фильмді жіті бақылап, әділ бағасын беруге тырысты. Бұған тек отандық емес, шетелдік қонақтар да куә. Олардың қатарында француз актері Венсан Кассель, қазақстандық актриса, Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымын жеңген Самал Еслямова, серб кинорежиссері әрі актер Эмир Кустурица, «Оскар» жүлдесінің иегері режиссер-монтажер Габриэлла Кристиани, танымал француз актрисасы Леа Сейду, Равшана Куркова және Андрей Соколов сынды ресейлік әртістер қызыл кілеммен жүріп өтті. Осылайша Астанаға әлемге танымал және қазақстандық кино саласының майталмандары келді.

Кинофестивальге қатысушылар толық және қысқаметражды фильмдер, әлем киносы, деректі фильм бөлімдері бойынша өз туындыларын көрсетті. Сондай-ақ фестивальде қазақстандық Қуат Ахметовтің «Аруақ» фильмінің тұсаукесері болды. Онда басты рөлді Асанәлі Әшімов сомдаған. Жалпы шараның шымылдығы жеңімпаз картинаның көрсетілімімен жабылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына орайластырылған кино-мереке осымен 14-рет өткізіліп отыр.

Айта кетейін, бүгін де, ертең де елорда тұрғындары мен қонақтары қала кинотеатрларынан бірқатар отандық және шетелдік фильмді тегін тамашалай алады.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Осы категория бойынша: « Жас өрендер сайысқан «Шаттық» фестивалі аяқталды Ұлттық музейде АҚШ-тың жеке сурет коллекцияларының көрмесі ашылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы