374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова өмірден озды

  • 376
  • UPD: 19:18, 14.07.2018
Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова өмірден озды

Қазақстанның халық әртісі, «Отан» орденінің иегері Зәмзәгүл Шәріпова өмірден озды.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Зәмзәгүл Шәріпова 1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы ХХ партсъезд ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ радиосында қызмет еткен. 1953 жылы М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданып, сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет етіп, актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдаған.

Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық классика мен заманауи драматургияда - М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын» трагедиясында Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун,  Ә. Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С. Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д. Исабековтің  «Әпкесінде» Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф. Буляковтың «Отыз ұлың болғанша...» комедиясында Сәлиманың рөлдерін ойнаған. Әлемдік классика мен заманауи драматургияда - Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард Ш»-де  Королева, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена, В. Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л. Зориннің «Варшава әуендерінде» Гелена, М. Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген рөлдерді орындаған.

Зәмзәгүл Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болып, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі  С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды.

Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы - көркемсөз оқудың  үлкен шебері. Ол ұлттық классикадан радио мен теледидарда көптеген шығарма жаздырды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енді. Ал оның «Аққудың айырылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге болады. Актрисаның балаларға базарлығы - кешкі ертегілері Қазақ радиосының алтын қорында жазулы. З.Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Ш.Аймановтың «Дала қызында» Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» Дина, режиссер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» Хадиша, Б. Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ  режиссер Ә. Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен. Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін З.Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі (1959), Қазақ КСР халық әртісі (1966) құрметті атақтары берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халықтар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005)  ордендерімен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Марқұммен қоштасу рәсімі 16 шілде күні сағат 10:00-де Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

inform.kz

Осы категория бойынша: « Домбырашыларымыз Голливудтің өнер сайысында алтын медаль жеңіп алды «Жезкиік» фестиваліне келген мексикалықтарға домбыра үні ұнап қалды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы