368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Жезкиік» фестиваліне келген мексикалықтарға домбыра үні ұнап қалды

  • 496
  • UPD: 22:45, 14.07.2018

Ұлытау баурайында халықаралық «Жезкиік» фестивалі басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ән кешіне әлемнің ең үздік музыканттары қатысып жатыр.

Әр қиырдан жиналған 11 өнер ұжымы өздерінің ұлттық аспабымен, ұлттық әндерін шырқады.

Бұл кото, хаяси, сякухати деп аталатын жапондардың ұлттық музыкалық аспабы. Дыбысы өте нәзік болғанымен, құлаққа жағымды. Ал мынау шотландықтардың волынкасы. Қазақтың саз сырнайына келеді. Фестиваль аясында қонақтар әр ұлттың өнерімен, тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Дэниал Чавес Гонсалес, «Жезкиік» фестивалінің қатысушысы:

- Бізге қазақтың қара домбырасы қатты ұнады. Дыбысы керемет. Әсіресе далада ойнағанда табиғатпен үндесіп, керемет әсер қалдырады екен. Біздің виуэлла аспабына өте ұқсас.

Халықаралық музыка фестиваліне әлемнің әр қиырынан 92 өнерпаз қатысты. Олар өздерінің ұлттық аспаптарында ойнап, этно әндерді шырқады. Әсерлі кешті тамашалауға келген жұрттың қарасы көп. «Сондықтан бұл фестиваль үш жүздің басын қосқан қасиетті мекен - Ұлытауды дүниежүзіне насихаттаудың ең ұтымды жолы» дейді кеш қонақтары.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Егер ежелгі Ұлытауда үш жүздің басы қосылса, бүгінгі Ұлытауда үш құрлықтың өкілдерінің бастары қосылып отыр. Шынында да бұл біздің тәуелсіздігіміздің, сол тәуелсіздікке жеткізген Елбасының саясаты мен еңбегінің арқасында деп мен ойлаймын.

Кеште мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фестиваль қатысушыларына Елбасының құттықтау хатын жеткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ән кешін енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұсынды. Айта кету керек, үш күндік фестиваль Жезқазған қаласында жалғасады. Мұнда классикалық музыка кеші өтпек.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Осы категория бойынша: « Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова өмірден озды «Славян базары» фестивалінде алғаш рет Қазақстан күндері өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы