365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Мұқали» халықаралық экспедициясы Қытайдан елге оралды

  • 751
  • UPD: 14:38, 28.07.2018

Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдерінен құралған халықаралық экспедиция мүшелері көршілес Қытай Халық Республикасынан елге оралды.

Олар Бейжің мен Шанси провинциясындағы Сиань және Юлинь қалаларында болып, 1169-1223 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы қолбасшының рухына тағзым етті.

Мұқали Жалайыр – батыр заманында Шыңғыс ханның атынан Қытайды билеп, аспан асты елінің 65 провинциясын бағындырған тарихи тұлға. Хандардың ханы атанған Темучиннің Мұқали, Желме, Жебе, Сүбедей сияқты төрт батыры болғаны белгілі. Осы төрт әскери қолбасшының біріншісі Мұқали империядағы тоғыз төренің бірі атанды. Шыңғыс хан бұл елді жаулап алып, Тұранға аттанғанда «менің атымнан әміріңді жүргізе бер!» деп қаптаған қалың қытайды билеуді Мұқалиға сеніп тапсырған. Өз ішінен үшке бөлініп, аққу, шортан һәм шаянның кейпіне түскен қытайдың басын біріктірген де осы батыр бабамыз болатын.

Лу Юнь, жазушы:

- Шыңғыс ханның Аспан асты елін жаулап алуы өз алдына бөлек әңгіме. Ал Мұқали «бөліп ал да, билей бер» саясатымен ғұмыр кешкен бүкіл қытайдың басын біріктіріп, үлкен Юань империясын құрып кетті. Міне, сондықтан ел билігіндегілер мен қарапайым халық оны біздің елді біріктіруші және бірлікті сақтап қалушы деп біледі. Біле білген кісіге бұл – өте үлкен баға.

Иә, бүгінгі Қытай билігі мен тұрғындарының Шыңғыс ханның оң қолы болған Мұқали Жалайыр батырға деген құрметі ерекше. «Тарихты бұрмаламауды – бүкіл адамзатқа жасалған қиянат» деп түсінетін өте бай архиві бар ел бабамыздың басына үлкен ескерткіш орнатып, айналасын абаттандырған. Юлиньдегі зират басында шырақшысы да бар.

Жау Зы Чинь, шырақшы:

- Менің алдымдағы 4 атам осында шырақшы болды. Мен бесіншісімін. Тарихи ескерткішке 1985 жылдан бері қарап келе жатырмын. Жасым 73-ке келді. Менен кейін бұл жұмысты ұлым атқарады. Ұлы Гоуанға қызмет ету біздің парызымыз.

Әміре Әрін, ақын:

- Мұқали – бүкіл әлемге белгілі тұлға. Француз тарихшысы Оссон оны генералисимус деген атаққа ұсынып, сондай түркі әлемінде тұңғыш генералисимус атанған ұлы қолбасшы болып табылады. Бұл жолы біз, қазақстандық делегация Мұқали бабамыздың жатқан жерінде болып, сондай ерекше сезімге бөленіп отырмыз.

«Мұқали халықаралық экспедициясының» мүшелері бүгін Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында болып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. «Біз бұл сапардан айтып жеткізгісіз әсерге бөленіп қайттық. Мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрады деген үміттеміз», – дейді олар. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Осы категория бойынша: « Елордада «Central Asian Dance Festival» шарасы өтеді Қызылордалық 11 жасар өрен екінші кітабын шығармақ »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы