374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абай музейінде ақынның туғанына 173 жыл толуына байланысты салтанатты шаралар өтті

  • 271
  • UPD: 23:11, 23.08.2018

Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ақынның туғанына 173 жыл толуына байланысты салтанатты шаралар өтті.

Қарашаңырақтағы басқосуда мемлекет қолдауымен жарық көрген «Абай туралы естеліктер» мен «Ата-анаға көз қуаныш» кітаптарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар жиналған жұрт қайта жаңғырған музей экспозицияларын аралап көрді.

Абайдың 173 жылдығына байланысты шаралар жылдағы дәстүр бойынша ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жырларын оқумен басталды. Мұнан кейін «Рухани жаңғыру» жобасы аясында мемлекет қолдауымен жарық көрген қос кітаптың тұсауы кесілді. Бірі музей қорында сақтаулы данышпан ақын жайындағы естеліктерден құралса, екіншісі ата-аналар мен балаларға арналған Абайдың таңдамалы шығармалары.

Балтабек Ерсәлімов, Абайдың жиені:

- Абай – әлемнің Абайы, қазақтың ақыл ойы. Қазақтың, бүгінгі біздің тынысымыз, тіршілігіміз. Өмірде алған бағытымыз. Қашанда сол Абайдың өсиетімен, Абайдың ақылымен, кеңесімен болса, халқымызды еш уақытта адастырмайды.

Музей ұжымы Абай мұраларын насихаттауға үлес қосқан азаматтарды арнайы марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Ойшыл ақынның өлеңі оқылып, әндері шырқалды. Мұнан кейін жиналған қауым «Ұлылар мұрасына тағзым» атты көрмені аралап көрді.

Болат Жүнісбеков, Абай музейінің директоры:

- «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, жүрегі мен ақылы Абайдың аруағының алдында басымды идім», - деп Елбасы өзі ерекше құрмет көрсетеді. Осы жағынан келгенде, әрине, біздің елімізде ұлылардың мұрасы, әсіресе мына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты көптеген шаруалар атқарылуда. «Абай сәулесі» деген жаңа бір ұғымды енгізсек дейміз, өйткені Абай өлеңдерін, қара сөздерін оқып отырғанда ұлы ақынның әрбір сөзінен, әрбір шумақтан біз еңбекке, ерлікке, адалдыққа, елді сүюге, Отанды сүюге деген ерекше ұғымдардың танимыз, ерекше бір ұлағат аламыз.

Бүгінде Абай музейінде 20 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Жыл сайын табылып жатқан жаңа деректер қаншама. Биыл да мемлекет қолдауымен Ресейдің мұрағаттарына ғылыми іссапарлар ұйымдастырылып, Абай әлеміне қатысты құжаттар әкелу жоспарда бар екен.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Осы категория бойынша: « СҚО-дағы Ботай қонысынан мың артефакт табылды Елордада «Абай әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы