374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясы Алматы облысында жалғасты

  • 321
  • UPD: 19:39, 15.09.2018

Шара бұған дейін еліміздің тоғыз өңірінде ұйымдастырылған. Талдықорғандағы оқушылар сарайында өткен жиында Жер жаннаты – Жетісу жерінен шыққан белгілі тұлғалардың құнды жәдігерлері мен қолданған заттары музей қорына табыс етілді.

2015 жылдың наурыз айында басталған «Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясының аясында жалпы саны 3 мыңнан астам экспонат жинақталды. Олардың арасында тарихта бір әнімен аты қалған Мәриям Жагорқызының айнасы, қазақ музыкасының сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиевтің өз қолымен жазған партитурасы, қазақ вальсіның королі Шәмші Қалдаяқовтың күйсандығымен Өзбекәлі Жәнібековтың қайшысы сияқты құнды жәдігерлер бар. Ал Алматы облысы бойынша 200-ден астам экспонат жиналған.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Міне мынау Хан Тәңірінің баурайынан түлеп ұшқан мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың костюмі болса, мына жерге қазақтың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың көзі тірісінде пайдаланған заттары қойылған. Ал мына жерден қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Үмбетәлі Кәрібаев, Есенқұл Жақыпбеков, Әнуар Әлімжановтай ақын-жазушыларымыздың домбырасын көруге болады.

Талдықорғанда өткен шараға Есенқұл Жақыпбековтың жан-жары Меңсұлу Нағашбекова арнайы келіп, ақынның көзі тірісінде шыққан екі кітабы мен кейін жарық көрген жинағын табыстады.

Меңсұлу Нағашбекова, Есенқұл Жақыпбековтың зайыбы:

- Өзі қайтыс болғаннан кейін шыққан тағы бір кітабын өткіздім. Өзінің қолданған көзілдірігі мен қос сағатын өткіздім осы музейге. Өте қуаныштымын. Мәңгілік есте қалсын деген оймен өткіздім.

Дәулеткерей Құсайынов, ҚР Ұлттық музейінің ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі:

- Қасиетті Жетісу жері – жер жәннаты біз үшін өте қымбат. Бұл жерде алты алашқа қызмет қылған ардақты азаматтар бар. Жырдың сүлейі, жырауы Жамбыл, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев саз әлемінің құдайы, тәңірі, Мұқан Төлебаев қайсыбірін айтып тауысайын. Біздің акцияларымыз басталғалы бері солардың ұрпақтары, солардан қалған көз, дүниелерін тапсырып жатыр.  

Оқушылар сарайындағы шағын көрмеге Әбілхан Қастеевтің сурет салу барысында қолданған қолшатыры мен кенеп тартуға арналған құралы, әнші Дәнеш Рақышевтің сағаты, Тұманбай Молдағалиевтың шапаны қойылыпты. Жыр алыбы Жамбылдың мерейтойына арнап жасалған құмыра да осында тұр. Енді бұл заттардың барлығы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорында сақталады. Қазір ондағы жәдігерлердің саны 213 мыңға жетіп қалды.

 Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Осы категория бойынша: « Астанада «Аstana art show» заманауи өнер фестивалі басталады Алматыда халықаралық кинофестивальдің шымылдығы түрілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы