369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан жерін аралаған шетелдік журналистер ерекше шабыт алды

  • 401
  • UPD: 22:08, 15.09.2018

Түркістан шаһары - орта ғасырдағы мәдениет пен руханиятты біздің заманымызға қаз-қалпында жеткізген үлкен өркениеттің ордасы.

Бұл Түркістан облысында болып, өңірдегі киелі жерлерді аралап көрген белгілі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің пікірі. Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен келген делегация Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне аялдап, алған әсерлерімен бөлісті.

Ұлыбритания, Италия, Индонезия, Китай, Корея және Польшадан келген 7 журналист Түркістан облысына жасаған сапары барысында Арыстанбаб кесенесінде болды. Көне жәдігердің архитектуралық ерекшелігі мен тарихи мән-маңызы журналистердің қызығушылығын оятты. Ұлыбританиялық журналист Джон Наймен Қазақстанға алғаш рет келіпті. Орта ғасырлық сәулет өнерінің бүгінге дейін бұзылмай сақталғанын алғаш көруім деп, таңғалғанын жасыра алмады.

Джон Наймен, журналист /Ұлыбритания/:

- Қазақстан жайлы теледидардан көріп, естігеніміз болмаса алғаш келуім. Тарихи-мәдени орындарды көзбен көріп, жан-дүниеңмен сезіну мүлде басқаша әсер береді. Мен қазір Оңтүстік Кореядан шығатын халықаралық журнал тілшісімін. Барған соң Қазақстан, оның ішінде Түркістандағы мына ғажап ғимараттар жайында міндетті түрде жазатын боламын. Содан кейін шетелдіктер Қазақстан жайында көбірек білетін болады. 

Одан кейін шетелдік журналистер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бас сұқты. Ішін аралап көрді. Әр бөлмеге бөгеліп, қызықтырған дүниелерге назар аударды. Кесене тарихын терең тани түскілері келді. Тайқазанның тамашасына таңдай қағып, таңырқаумен болды. Кесенеден шыққан соң шетелдік меймандарды этноауылда ұлттық нақышта киінген қыз-жігіттер күтіп алды.

Арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Шұбат ішіп, бауырсақ жеді. Киіз үйдің құрылысымен танысты. Түркістан облысы аумағындағы тарихи орындардан алған әсерлерімен бөлісті.

Павлин Гаврилович, журналист /Франция/:

- Орта Азияға мен де алғаш келіп отырмын. Түркістандағы тарихи ескерткіштер маған өте қатты ұнады. Бұл жердегі көріністің өзі бір ғажап. Жанға еркіндік, жүрекке тыныштық сыйлайды. Керемет әсер алдым.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан шаһарының бай мәдениеті мен терең тарихы және бұндағы киелі жерлердің кереметі шетелдік журналистерге ерекше шабыт, ұмытылмас әсер сыйлады. Қазақстанға оның ішінде Түркістан топырағына деген қызығушылығын оятты. Енді шетелдік белді  басылымдарда еліміз жайында ерекше дүниелер жарық көрмек.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Осы категория бойынша: « Алматыда халықаралық кинофестивальдің шымылдығы түрілді «Астана балет» театры Монакода гастрольдік сапармен болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы