365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда 1700 домбырашы бір мезгілде күй тартты

  • 359
  • UPD: 09:48, 20.09.2018

Оралда 1700 домбырашы бір мезгілде күй орындап, Ақжайық аспанын дүбірге бөледі.

«Нағыз қазақ – домбыра» атты бұл кең ауқымды акция күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай өтіп отыр. «Мақсат – күйші шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау, асыл мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. Домбырашылардың рухани ой-өрісін дамыту және шығармашылық қабілетін шыңдау, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеу», - дейді ұйымдастырушылар. Тарихы терең, қойнауы құт Ақжайық өңіріндегі дүбірлі өнер тойына қала мен облыстың барлық аудандарынан барлығы 1700 домбырашы қатысты. Тұңғыш Президент атындағы алаңға жиылған домбырашылар Құрманғазының халық арасында кеңінен танылған «Балбырауын» және «Адай» секілді күйлерін бірге орындап, рекорд жаңартты. Бұған дейінгі рекорд Атырау облысына тиесілі, мұнда 1017 орындаушы бір мезетте күй шерткен болатын.

Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабына рекордтарды тіркеу департаментінің директоры:

- Оралдықтар жаңа Қазақстанның рекордын қойды. Осы жаңа алаңда 1700 адам жиналып Құрманғазының күйін орындап жатыр. 3-4 жыл бұрын Атырау облысында 1017 адам болып осы Құрманғазының күйін орындаған еді. Бүгін енді 1700 адам – ол үлкен жетістік.

Айтжан Тоқтаған, күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Мына өткізіліп жатқан шара Құрманғазының туған жерінде, туған топырағында осыншама адамды жинап, осы облыстың балалары, осы облыстың домбырашылары жиналып, осындай үлкен шара өткізуі ол насихаттың керемет түрі.

Хабар 24 телеарнасы