360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Берлиндегі көрмеге қазақстандық өнерпаздардың туындылары қойылды

  • 184
  • UPD: 23:44, 26.09.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Берлинде «Нан мен раушангүлдер» атты ауқымды көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экспозицияға танымал қазақстандық өнерпаздармен қатар жас суретшілердің де туындылары қойылған. Қазақстан Ұлттық музейі ұйымдастырған бұл көрменің мақсаты – заманауи мәдениетімізді әлемге насихаттау.

Бұл – қазақстандық қыз-келіншектердің қолынан шыққан туындыларды паш ететін бірегей көрме. Берлинде өтіп жатқан бұл шараны Германиядағы елшіміз Болат Нүсіпов пен Қазақстан Ұлттық музейінің мамандары ашқан.

Роза Әбенова, Қазақстан Ұлттық музейі заманауи өнер орталығының жетекшісі:

- Осы көрменің ерекшелігі – бұл өткен дәуір мен қазіргі заман арасындағы, Ұлттық музейдің негізгі жиынтығы мен заманауи суретшілері арасындағы диалог. Көрмені ұйымдастыру үшін белгілі өнер сарапшысы Дэвит Эллиот, суретшіміз Алмагүл Менлибаева мен Берлиндегі Арт-резиденциясының басқарушысы Рейчел Ритс-Воллох үлкен еңбек атқарды. Және бүгін осыншама көп адамның келуін бірегей жұмыстың жемісі деп санауға болады.

Жалпы экспозицияға 70 шақты туынды қойылған. Дәстүрлі суреттермен қатар перфоменс, инсталляциялар мен видео-артты көруге болады. Ал ең ерекшесі – қазақ әйел киімінен жасалған 8 метрлік шатыр. Сыртында көшпелі дәуірдің көйлектері болса, іші қазіргі заманның киімінен тігілген. Осылайша, авторы бұрындағы мен қазіргі қоғамдағы әйелдердің орны туралы ойын білдірмек.

Гүлмарал Тәтібаева, суретші:

- Киім мұнда ақпарат дерегі ретінде қолданған. Өзім көпбалалы ана ретінде көшпелі дәуірдегі қазақ әйелдерінің қуатын көрсеткім келді. Мына құрақты әжем тіккен, ал қарама-қарсы жағында анамның киімі. Ал бұл кілемді әжем 36-37 жылдары аштықтан кейін тоқыған. Оюында бақыт рәмізі саналатын бәйтерек бар.

Қазақстан шеберлерінің өнеріне Еуропа жұртшылығы жоғары баға беріп отыр.

Сюзанна Кахлич, арт-сарапшы (Германия):

Көрме мені таңқалдырды! Өнерінің осындай қырынан көрінетінін күткен жоқпын. Өткен мен қазіргі заманның ерекше байланысын байқадым. Осы туындыларда лирика да, поэзиясы да бар.

Берлиндегі көрме қазаннның жиырмасына дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін Берлин тұрғындары мен қала қонақтарының көбісі қазақ өнерінің туындыларын өз көзімен көре алады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы