366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы аяқталды

  • 265
  • UPD: 22:22, 28.09.2018

Осыдан тура 10 күн бұрын Бурабай баурайынан сапарға аттанған «Абылайханның қара жолы» атты тарихи-танымдық экспедициясы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Тарихшы, өлкетанушы, ғалымдар мен журналистер, бас-аяғы 12 адамнан тұратын топ Ақмола облысынан бастап 4 өңірдің аумағынан өтіп, 5 мың шақырымға жуық жолды артта қалдырды. Жол-жөнекей көптеген елді мекендерде болып, халықпен кездесті.

Абылайханның есімін жаңғыртып келген экспедиция мүшелерін жергілікті халық асыға күтіп, барлық сән-салтанатымен қарсы алды. Әсіресе үлкендер жағы белсенді. Олардың ішінде, тіпті, Абылайханның ұрпағы да бар.

Сансызбай Мұқитанов, Абылай ханның ұрпағы:

- Ол кісілер бәлен мың шақырым жерге 7-8, 10 күнде атпен жеткен. Ол кезде қалжырамайды, шаршамайды. Мықты аттың күші. Сол өткен жолының барлығын халық «Абылайдың қара жолы» деп атайды. Ерте уақыттарда жұрттың бәрінің есінде болды. Қазір көп үлкендер өтіп кеткен. Жастар білмейді.

Саяхатшылар да өз әсерлерімен бөлісті. Айтуларынша, Қызылжар, Қорғалжын, одан әрі Жезқазған арқылы Қызылорда және Түркістан облыстарын да аралаған.

Мұрат Ыдырысов, экспедиция жетекшісі:

- Барлық жерде де Абылайханның жолы сайрап жатыр. Абылайханның жолы халықтың есінде. Абылайхан халықтың есінде. Халық сусап отыр. Халық тарихты білгісі келіп отыр. Абылайхан туралы аңыздарды білгісі келіп отыр. Біз қай жерге барсақ та соның бәрін көрдік.

Экспедиция сапарда тас жолмен емес, Абылайханның өзі жүрген дала жолдарымен жүруге тырысқан. Жол-жөнекей кездескен дүниелердің барлығын қағазға түртіп отырыпты.  

Ғизат Табылдин, ҚР ҚК әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкері:

- Экспедиция барысында жиналған материалдардың барлығын бір монографияға біріктіреміз. Онда осы Абылайханның жолындағы тарихи, мәдени, табиғи құндылықтар жазылады. Ал бұл кітап қарапайым халықтан бастап, ғалымдарға дейін қызықтырары сөзсіз.

Сондықтан бұл экспедиция – үлкен істің бастамасы.

«Аталған экспедицияның нәтижесі бойынша кітап қана емес, туристік бағыт та әзірленеді», – дейді мамандар. Себебі, бұл жолдан терең тарихты да, тылсым табиғатты да көруге болады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы