366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда 87 ұлттан құралған хор Гиннестің рекордтар кітабына енді

  • 288
Лондонда 87 ұлттан құралған хор Гиннестің рекордтар кітабына енді

Лондонда ең көпұлтты хор танымал әндер орындап, әлемдік рекорд жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әртүрлі мәдениет пен халықтан құралған 250-ге жуық адам, олардың ішінде көпұлтты Қазақстанның өкілдері де бар, бір жерге жиналып, хормен өлең айтты әрі әлемді бейбітшілікке үндеді.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

– Осы хорға қатысу үшін ерекше дауысқа ие болудың қажеті жоқ. Бастысы – ынта мен ниет. Қатысушыларға алдын ала ән мәтіні жіберіліп, дайындалуға уақыт берілді.

Шара басталмас бұрын ұйымдастырушылар қатысушылардың төлқұжаттарын мұқият тексерді. Екі жыл бұрын дәл осындай шара өткізілгені белгілі. Ол кезде 72 ұлт өкілі қатысса, бүгін саны одан да асып кететін түрі бар. 

Майкл Майнелли, ұйымдастырушы:

– Әлемде араздық пен алауыздыққа жол бермеуміз керек. Сондықтан ең көпұлтты хор ретінде Гиннес рекордтары кітабына ену үшін әртүрлі халықтар өкілдерінің басын біріктіріп отырмыз.

Қатысушылардың ұлты ғана емес, жасы да, кәсібі де әркелкі. Арасында балалар, студенттер, қызметтегі адамдар мен зейнеткерлер бар. Бірақ бәрін елдер арасындағы достық, бейбітшілік және еркіндік сияқты ортақ ұғымдар біріктірген.

Джойс Онстанд, Кения өкілі:

– Бұл – бірлігімізді сақтау керектігін еске салатын шара. Әлемде алауыздықтан туындаған жанжал көп, бірақ олай болмауы тиіс.

Жантуар Жұманалин, Қазақстан өкілі:

– Достық ұғымын әнмен жеткізгенімізге ризамын. Бір тілде сөйлемесек те, бізді ән біріктіріп отыр.

Альвина Кухай, Украина өкілі:

– Қазір бәріміз бірігетін кез келді. Әлемге достығымызды паш етіп, басқыншылыққа қарсылығымызды көрсетуіміз керек.  

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Ұйымдастырушылар әлемдік рекордты ресми түрде жариялады. 87 ұлттан құралған хор достық және махаббат туралы танымал әндерді орындады. Ал осы шарадан жиналған қаржы дарынды жастарға көмек беруге және білім беру бастамаларын қолдауға жұмсалады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы