389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 16 жастағы ерекше дарын иесі жеке көрмесін өткізіп жүр

  • 557
  • UPD: 13:00, 22.10.2018
СҚО-да 16 жастағы ерекше дарын иесі жеке көрмесін өткізіп жүр

Ел іші – өнер кеніші. Солтүстік Қазақстан облысында ерекше дарын иесі тұрады. Смирново ауылындағы 11-сынып оқушысы Ольга Подгурская көздің жауын алатын суреттер салады.

Қылқалам шеберіне бейнелеу өнері табиғатынан дарыған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан. Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» деп Абай суреттеген мезгіл қазір. Ағаштар жапырақтан айырылып, алғашқы қар да жауды. Сұр ауылдың реңін мына бір жер үй ғана ашып тұрғандай. 

Бұл аудандық газеттің ғимараты. Қазір ол Смирново ауылының мақтанышына айналды. Суретші қыз күрең қабырғасына ашық түсті бояу түсіріп, саябақ салды. 

Амангелді Ковенов, Аққайың аудандық газеті бас редакторының м. а:

- Міне осы суретті шебер бір, художник деп айтуға болмайды салған. Кәдімгідей жас қыз, осы ауылдың тұрғыны. 16 жаста. 11-сыныпта оқып жатыр 2-мектепте. Өзі үйреніп, өзі салып жүр.

Жас суретші Оля ауылдың қарапайым қызы. Қазір қатарластарымен ұлттық біріңғай тестілеуге дайындалып жүр. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, ол бейнелеу өнерімен ешқашан айналыспаған.   

Айгүл Сайдалинова, мектеп мұғалімі:

- Сурет пәнінің мұғалімі жоқ. Бірақ өзі суреттерді салып, мектепке әкеліп, мұғалімдерге көрсетіп, былтыр өзінің көрмесін жасады. Мектепте Оляның сурет көрмесі жасалды бізде.

Оля атасымен бірге тұрады. Леонид Подгурский суретші немересіне бөлек бөлме салып, шығармашылығына шектеу қойған жоқ. Тіпті мольбертіне дейін өзі жасап берді.

Леонид Подгурский, Оляның атасы:

- Бұл мольбертті мен жасадым. Оның үлгісін немерем көрсетті. Жазда далада сурет салады. Қыстың күні үйде. Осылай шығармашылығын шыңдайды. 

Оляның туындылары көздің жауын алады. Жас суретші бос уақытында атасымен бірге табиғат аясына шығып, қағаз бетіне туған жерін түсіреді. Бұл оның сүйікті ісі.  

Ольга Подгурская, жас суретші:

- Сурет салғанда бәрін ұмытамын. Жан – дүнием тыныштық табады. Көбіне табиғатты бейнелеймін. Одан асқан сұлулық жоқ. 

Суретші қыздың арманы шығармашылығымен байланыспады. Мектеп түлегі Қарағанды академиясына түсіп, полицей болғысы келеді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы