369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда Ясауи кесенесін техникалық қолдау бойынша семинар өтті

  • 182
  • UPD: 15:27, 30.10.2018

Бүгін киелі Түркістан шаһарында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Кластерлік бюросы және Нидерландының мақсатты қорының ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы тарихи қалалық ландшафттарға бағытталған тәсілді енгізу арқылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін техникалық қолдау» жобасы аясында бірінші ұлттық семинар басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Түркістан шаһары ерекше нұрланып, құлпырып тұр. Ауа райының ашықтығына байланысты бұнда келуші туристердің де қарасы қалың.

Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесін техникалық қолдау бойынша ЮНЕСКО бюросының бірінші ұлттық семинарына келетін болсақ, Түркістан қаласы облыс орталығы болғандықтан болашақта шаһарда өзгерістер болады. Қала қарыштап дамиды. Міне, осы кезде дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген тарихи қалаларды дамытудың ЮНЕСКО бекіткен талаптары сақталуы керек. Бүгінгі семинарда көне шаһардағы рухани-мәдени ескерткіштердің тарихи құндылығы мен ерекшелігін сақтай отырып, негізгі механизм болып есептелетін тарихи қалалық ландшафттарға бағытталған тәсілдерді енгізу жобалары таныстырылды.

Айта кетейік, семинарға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген нысандарға жауапты тұлғалар және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының халықаралық сарапшылары, Мәдениет және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері және ұлттық мұражайлардың директорлары мен қызметкерлері қатысты.    

Миллоныншы туристер сонау мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан келіпті. Ерлі-зайыпты саяхатшылар: «Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз», – дейді. Еліміз, оның ішінде Түркістан шаһарындағы қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштерді теледидардан көріп-біліпті.

Бірер жылда Түркістан облысы сауда-саттығы қайнаған, тарихи, мәдени нысандарына саяхатшылар ағылған нағыз туризм орталығына айналады. Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы аясында облысқа келетін туристердің санын 5 миллионға жеткізу межеленіп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек

Осы категория бойынша: « Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі Біріккен Корольдікте өнер көрсетті Талдықорғанда халықаралық театр фестивалі басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы