367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Айдие Айдарбеков

  • 153
  • UPD: 20:00, 03.11.2018

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміндегі Айдие Айдарбековтің арманы – жер-жаһан қызықтап көретін сапалы отандық фильмдер түсіру.

«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та кәсіби білім алған жас кинорежиссер тақауда елге оралып, тәжірибесімен бөліспек. Құрама Штаттарға аттанбай тұрып дарынымен және белсенділігімен ерекшеленген жас жігіттің жазушылық қабілеті де бар. 

Айдие Айдарбековтың «Untold», яғни «есепсіз» Һәм «сансыз» деп аталатын қысқаметражды фильмі отбасылық драма жанрында түсірілген. Халықаралық фестивальдерде жүлделі орыннан көріне қоймаса да, көптің көңілінен шығып үлгерген. Фильм анасынан айырылып, уайым-қайғыдан аты жаман ауруға душар болған қыздың қиын тағдыры туралы баяндайды. Әкесінің екінші рет үйленгенін іштей қабылдай алмаған басты кейіпкер өгей шешесімен бірден тіл табыса қоймайды. Алайда соңғысы оның дертімен күресуге көмектесіп, артынша қыз айығып кетеді. Шағын кинотуындының авторы, режиссері, тіпті продюсері де – Айдие Айдарбеков. Оның айтуынша, картина бүгінде Лос-Анджелестегі фильмдер байқауында қазылардың қарауына жолданды.

Осылайша 25-ке келген Айдиенің отыз жаста орда бұзып, қырықта қамал алғысы бар. Нью-Йорктің кино-өнер академиясының түлегі бала кезінен жазушы болуды армандағанымен, кино саласы оң жаңбасына келетінін уақтылы түсінген.

Айдие Айдарбеков, Нью-Йорктің киноөнер академиясының магистранты:

- Мейлінше, жан-жақты болуға тырысамын. Кітап жазып, өлең шығарғанды жаным сүйеді. Университет қабырғасында оқып жүргенде де қоғамдық жұмыстарға етене араласып жүрдім. Қазақстанның студенттер альянсына мүше болып, жастар істері жөніндегі комитетте қызмет еттім. Сондай-ақ 2014 жылы стритворкаут спортынан әлем чемпионатының қосанжар ұйымдастырушысы болдым.

Алайда Айдие өзінің мансап жолын Мемлекеттік басқару академиясынан бастауды шешіп отыр. Жас дарын болашақ мемлекеттік қызметкерлерді өзінің бейнематериалдары арқылы оқытуды қолға алмақ. Бұл жаңа формат болады. Ал келер айда шағын болса да жеке киностудия ашу жоспарда бар.

Айдие Айдарбеков, Нью-Йорктің киноөнер академиясының магистранты:

- Бүгінде академияда киностудияға қажетті техниканың барлығы дайын. Видеоларымды түсіргенде қолда бар мүмкіндікті құр жібермеймін деген ойдамын. Өйткені менің мақсатым тың әдістер арқылы академияның оқыту жүйесін жаңғырту, түрлі онлайн-курстар ашып, жаңа формат енгізу болмақ.

Қызығы сол, Ақмола облысының тумасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енгенін мұхиттың арғы жағында жүргенде және жақындары қоңырау шалып құттықтаған кезде бір білген. Голливудтың түсірілім алаңдарында біліктілік шыңдаған ол Астанада өзінің фотосуреті бейнеленген жарнама баннерлерін көріп, ел алдындағы жауапкершілік пен үмітті ақтау керектігін түсінеді. Ендеше азан шақырып қойылған есімі Микронезия аңызында «Құдайлар мекені» деп аударылатын Айдиенің алар асулары әлі алда екеніне сенейік.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Өмірбек Ізімов

Осы категория бойынша: « Алтын адам елордадағы Ұлттық музейге қойылды Қазақстан суретшілерінің туындылары АҚШ жұртын таңқалдырды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы