369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрме ашылды

  • 244
  • UPD: 23:02, 12.11.2018

Ыстамбұлда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы қорының «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Атаулы шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Түрік төрінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрменің ашылуы кездейсоқ емес. Себебі, түрік жұртымен тарихымыз, тіліміз, дініміз бен мәдениетіміз бір. Ыстамбұлда ашылған көрмеге ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркі кеңесі бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейнов пен қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ тарихи шарада Қазақстаннан келген ұлттық аспаптар тобы өнер көрсетті.

Көрмеге келушілер бірінші бөлімде сақтар, үйсіндер, қаңлылар, савраматтар, ғұндар мен түркілер кезеңіндегі көшпелі халықтың мәдениеті мен өнерін қамтып көрсететін археологиялық бұйымдармен танысады. Екінші бөлім қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлі мәдениетін сипаттайтын этнографиялық коллекциялармен таныстырады.

Нұрсан Әлімбай, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы директоры:

- Ыстамбұлдағы әйгілі түрік және ислам музейінде Қазақстанның орталық музейі тарапынан «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме ұйымдастырылғалы отыр. Көрме Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйгілі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Шартты түрде көрме екіге бөлінеді. Бұл ежелгі көшпенділер мәдениеті, бұл жағынан Қазақстаннан өте көп артефакттар табылды.

Көрмеге келушілердің дені түрік жастары. Себебі, мектеп оқулықтарында «Алтын адам» туралы деректер көп айтылады.

Өзге Ташкын, көрмеге келуші:

- «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» – тек қана қазақтардың емес, сондай-ақ түріктердің де тарихи мұрасы. «Алтын адам» туралы бұған дейін көптеген деректер есіткен болатынмын. Тарихи туындыны Ыстамбұл қаласында көру ерекше сезім сыйлады. Мұндай тарихи мұраларды Түркияда жиі көруді қалаймын.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейінің бай коллекциясын көрсетумен қатар қазақ-түрік мәдени байланысының ары қарай дамуына септесу.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Осы категория бойынша: « Алаш тақырыбына арналған тұңғыш балалар энциклопедиясы жарық көрді Жәния Әубәкірова Парижде концерт берді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы