369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жәния Әубәкірова Парижде концерт берді

  • 373
  • UPD: 23:02, 12.11.2018

«Жәния Әубәкірова және жұлдыздар».

Танымал пианиношы, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова шығармашылығының 30 жылдығына орай Парижде осындай атаумен концерт берді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кеште Еуропада білім алып, елдің абыройын шетелде асқақтатып жүрген өзге де қазақстандық музыканттар өнер көрсетті. Шараны еліміздің Франциядағы елшілігі «Франциядағы Қазақстан күзі» әлеуметтік-мәдени жобасы аясында ұйымдастырды.

Ж.Әубәкірова киелі сахнада жүрген 30 жыл ішінде Францияда талай мәрте өнер көрсеткен. Бірақ Парижде концерт бермегеніне 5 жыл болған. Виртуозды музыкантты көруге француздардың ассықаны сонша, Корто залында ине шаншар жер болмады. Талғамы биік көрерменге маэстро да ерекше бағдарлама ұсынды.

Жәния Әубәкірова, пианиношы, ҚР халық әртісі:

- Мен жыл сайын, ай сайын, күн сайын ізденіп жүремін. Жаңа бағдарламаны, жаңа шығарманы үйреніп. Мен мына бағдарламаны жақсы көремін. Өйткені бұл камералық музыка. Мысалы, мен былтыр жеке концерт қойдым. Биыл камералық музыка.

Француздарға жас таланттарды таныстыру үшін Ж.Әубәкірова украиндық аккордеоншы Роман Юсипей мен қазақстандық скрипкашы Ержан Құлыбаев пен виолончельші Сәния Дүркееваны шақырған.

Сәния Дүркеева, виолончельші, Цюрих өнер университетінің мастері: 

- Бізді, Еуропадағы жас таланттарды бірге жинап, осы керемет залда ойнауға мүмкіншілік жасағанына өте қуаныштымын. Мен үшін Жәния Яхияқызы – үлкен тұлға. Ұстаз ретінде біз одан көп нәрсені үйренуіміз керек.

Ұстаз бен шәкірттері бірігіп әлемдік классика алыптары Бах, Шопен, Шнитке мен Шуберттің ең күрделі туындыларын көпшілікке ұсынды. Музыканттардың әрбір шығарманы бар жан-тәнімен сезініп, беріле ойнағанына француз жұрты тәнті болды.

Альбер Фишлер, Францияның қоғам қайраткері, профессор:

- Француз тыңдарманы өте талғампаз. Бірақ сол талғампаз көрермен Парижде Бахтың хоралын ешқашан пианино мен аккордеонның бірігіп сүйемелдеуінде тыңдап көрмеп еді. Соған куә болды. Ж.Әубәкірованың осындай жас таланттармен бірге өнер көрсетуі үлкен құрметке лайық. 

Марк де Дюльмен, Париж қаласының тұрғыны:

- Бұл керемет кеш. Аккордеоншы да, виолончельші де, бәрі бірінен-бірі өткен мықты музыканттар. Себебі, мұндай әлемге әйгілі шығармаларды бірнеше аспаппен ілесіп ойнау оңай емес.

Музыканттар француз композиторлары Равель мен Франктың туындыларын да құйқылжыта орындап, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Екі сағаттық концерттен рухани азық алған көрермен таланттарды қайта-қайта «биске» шақырып, қошеметті жаудырды. «Жәния Әубәкірова және жұлдыздар» концерті енді Австрия, Германия мен Польшада жалғасады.

Авторы: Бакыт Топтаева

Осы категория бойынша: « Түркияда «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрме ашылды «Астана Опера» Италиядағы гастрольдік сапарын аяқтады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы