384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Анкарада Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының көрмесі ашылды

  • 1497
  • UPD: 09:58, 16.11.2018

Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының Түрік астанасында ашылған көрмесі «Ұлы дала рухы» деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған 20 ғасырдың соңы мен 21 ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің 30-дан астам туындысы қойылды. 

Қазақстанның ең ірі көркем сурет музейінің туындылары Анкарада таныстырылды. Көшпелі мәдениеті, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ойындарының бірегей ерекшелігін көрсететін 32 кескіндеме мен графикалық туынды ең үздік суретшілердің қыл қаламынан шыққан. Олардың құрамында Евгений Сидоркин, Әбдірашид Сыдыханов, Дулат Әлиев, Нелли Буббимен қатар заманауи суретшілердің шығармалары бар.

Көрме Мұстафа Аяз атындағы мұражайда ашылды. Бұл шараны өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйытқы болды. Көрмені тамашалауға дипломатиялық миссия өкілдері мен Түркияда білім алушы қазақ жастары және өнер сүйер қауым келді.

Гүлмира Шалабаева, Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры:

– Ә.Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемді төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімен таныстырады.

Түрік өнертанушылар мен көрермендері қазақстандық суретшілердің жұмыстарын жоғары бағалады. Гази Университетінің оқытушысы Аббас Кетиздің айтуынша, көрме Қазақстанның заманауи өнерінің стилистикалық әр түрлілігін ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете білген.

Аббас Кетиз, Гази Университеті сурет кафедрасының оқытушысы:

– Түрік жұртшылығы бұл көрмені міндетті түрде көруі тиіс. Өнер туындылары кәсіби жасалған және өзіндік ерекшелікке ие. Мысалы, жанымдағы графикалық тәсілмен салынған шығарма біздің елде біраз уақыттан бері қолданылмайды. 20 жыл бұрын Көркем өнер академиясындағы дәрістерде пайдаланылған. Көріп тұрғанымыздай, бұл «литография» әдісі Қазақстанда сол күйінде сақталған. Өнер шеберлерінің топтамаларында Түркі дүниесінің мәдениетін, Қазақстандағы суретшілердің әлемге деген көзқарасын көре аламыз.

Қазақстандық суретшілердің туындыларына арналған көрме Анкара мен Бурса шаһарынды желтоқсанның онына дейін жалғасады.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы