369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Димаштың концерті үшін Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен көрермендер ағылуда

  • 418
  • UPD: 16:54, 16.11.2018

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері оның Ұлыбритания астанасындағы концертін асыға күтіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сүйікті әншісінің жеке шоуын тамашалау үшін Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен көрермендер ағылып жатыр. Туризм саласындағы британиялық сарапшылар осылайша, Қазақстанның танымалдылығы артып, туристер біздің елге ағылуы мүмкін деп отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

– Димаш Құдайберген әйгілі Лестер-Скверде. Мұнда қазақстандық әншінің концертіне жарнама бірнеше күннен бері жүргізіліп жатыр. Leicester square – Лондондағы орталық ойын-сауық алаңы. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерді көптеп кездестіруге болады. Сондай-ақ лондондықтардың өздері де бұл жерде бос уақыттарын өткізуге құмар.

Концертке билет жоқ. Шоудың өтетін күні белгілі болғаннан бастап көрермендер билеттер онлайн сатылатын сайттарға тарпа бас салған. Қазір тек тұрып көретін орындар қалды. Олардың өзі бірер күнде сатылып кетеді. Британиялық зейнеткер Джейн Эрз – думанды қойылымды тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі. Алғаш рет ол Димаштың шығармашылығымен интернет арқылы кездейсоқ танысып, әдемі даусына ғашық болыпты.

Джейн Эрз, Лондон тұрғыны:

– Оның Лондонға келетіндігі туралы ақпарат аяқ астынан хабарланды. Мен өз бақытыма сене алмадым. Билеттер ресми түрде саудаға шыққан сәтте-ақ онлайн билет алдым. Димаштың әсем даусын естуге өте асықпын.

Туриндустрияда жүрген британиялық сарапшылардың айтуынша, әншінің есімі Қытайда танымал болғанмен, батыс ол жайлы көп біле бермейді. «Сондықтан мұндай концерттер кәріс поп әншілері сияқты жаңа аудиторияның жүрегін жаулап алуға үлкен мүмкіндік», – дейді олар.

Джордж Смит, Ұлыбритания туризм және саяхат қауымдастығының аймақтық директоры:

– Бұл – қазақстандық туризм үшін өмірлік маңызы бар мәселе. Сіздерге тек өткенді емес, болашақты да ойлаған абзал. Алдағы уақытта Астана, Алматы сияқты қалалар Димаштың арқасында туристер үшін тартымды бола түсуі ықтимал.

Концерт Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында танымал О2 аренасының 3000-ға жуық көрермен сыятын Индиго залында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билет саудасынан түскен қаражат Қазақстандағы жас таланттарды қолдауға жұмсалмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Осы категория бойынша: « Ақтауда Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кеші өтті Берлинде Қазақстан мен Германия зиялыларының тұңғыш форумы өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы