371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық өнерпаздар әлемдік хиттерді көне аспаптармен орындады

  • 244
  • UPD: 18:36, 17.11.2018

Ертіс өңіріндегі Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі көрермендеріне ерекше тарту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Музыканттар көпшіліктің сүйікті әуендеріне айналған танымал кинотуындылардың саундтректерін асқан шеберлікпен орындады. Сондай-ақ әлемдік хиттерге қазақтың көне аспаптары ерекше әр берді.

Киелі қазақ сахнасында «Кариб теңізінің қарақшылары», «Титаник», «Гарри Поттер», «Тақтар ойыны» фильмдерінің саундтректері әуел еді. Жұртшылықтың сағынышына айналған қазақ киносының жауһарлары «Менің атым Қожа», «Біздің сүйікті дәрігер» туындыларының шығармалары да орындалды.

Ерекше форматта өткен концерт үш буын өкілдерінің басын қосты. Балалар сүйікті мультфильмдерінің әуендеріне қанық болса, жас бауын өкілдері киносүйер қауымның жүрегін жаулаған саундректерді ұйып тыңдады. Ал аға буын классикалық киноленталардың лейтмотивтеріне құлақ құрышын қандырды. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Дәулет Ғалымов кештің құрметті қонағы болды.

Дәулет Ғалымов, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, дирижер:

– Қазақ оркестрімен әріптестік орнатқанымызға қанша жыл. Көп жылдар бойы репертуарды жаңарту бойынша бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Осы концертте көрерменге 10 партитура ұсындық. Рүстембек Омаров атындағы ұжымның болашағы зор. Әлемдік деңгейде өнер көрсетеді деп ауыз толтырып айта аламын.

Қобыз, сырнай, сазсырнай, домбыра мен шертпе әуен әлемдік хиттерге ерекше үн қосты. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығу үшін ұлт аспаптар оркестрі бір айы бойы дайындалған. 1000-ға жуық билет бірнеше күн ішінде сатылып кеткен.

Талғат Кәрімов, Р. Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– Оркестр бүгінгі сахнада орындаған шығармаларына басқа да аспаптарды қостық. Мысалға, үрмелі аспаптар, валторна, труба, флейта, габой, кларнет сондай ерекше, бас гитара, ұрмалы аспаптар да ерекше. Халықтың ілтипаты жақсы болды деп ойлаймын.

Айнұр Қанаева, И. Байзақов атындағы облыстық филармонияның қобызшысы:

– Дайындық өте күрделі болды. Бір ай дайындық болды. Шығармалар өте қызықты. Көрерменнің қызығушылығын арттыру үшін осындай шара қолдандық.

Естай атындағы мәдениет сарайында осы сынды концерт бұрын-соңды ұйымдастырылмаған. Рухани азық ордасы лық толып, ине шаншар жер де болмады.

Таңсық Мұхтарқызы, көрермен:

– Бірінші рет осындай концертке қатысып отырмын. Барлығы керемет болды. Өзім ішінде жүргендей болдым.

Рүстембек Омаров атындағы оркестрдің 11 жылдық тарихы бар. Бүгінде еліміздегі ең жас әрі үздік ұжымдардың бірі. Сондықтан жаңа форматтағы концерт өнер айдынындағы бағындырған белестердің бір парасы деуге негіз бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Алматыда дәстүрлі Шәкен Айманов кинофестивалі өтеді Берлинде еліміздің мәдениет орталығы ашылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы