369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті қалай өтті?

  • 1517
  • UPD: 17:52, 20.11.2018

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концертіне көрермен көп жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандар қазақстандық мега таланттың өнері мен DQ атты думанды қойылымына қошемет көрсетіп қана қоймай, сүйікті әншісінің көмегімен қазақ тілін де үйренді.

Ғалымжан Қараманұлы twitter@baiimbet

– О2 аренасының Индиго залы Лондондағы ең үздік концерт алаңдарының бірі ретінде танымал. Мұнда негізінен Эд Ширан, Шэгги сияқты жаһандық деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ бұл жерде театрландырылған қойылымдардың әлемдік тұсаукесерлері және музыкалық жүлделерді табыстау рәсімдері ұйымдастырылады. Ал бүгін Индиго сахнасының шыңына қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шықты.

Залда ине шаншар орын жоқ. Араларында жанкүйерлер алаңынан ыңғайлы орын алу үшін концерт басталмас бұрын 6 сағат ерте келгендер де болды. Көрермендер географиясы да әрқилы. 46 мемлекеттің өкілі Димаштың ән кешін көруге ниет білдіріпті.

БЛИЦ:

– Менің Youtube жарнама жазылушылардың бірі осы концерт туралы хабар берді. Сондықтан мен осындамын және ән кешінің әрбір сәтінен ләззат алып, бақыттан басым айналып, билеп тұрмын.

– Мен қазақша «рақмет» сөзін білемін. Димашқа және Димаштай ұлды тәрбиелеген Қазақстанға алғысымды айтамын.

Британиялық жұлдыздар мен танымал музыкалық продюсерлер де осында. Бірі болашақ әлем жұлдызына сәттілік тілегісі келсе, енді бірі онымен келісімшарт жасағысы бар.

Таллия Сторм, әнші:

– Мен Димашпен қуана дуэт жазар едім. Ол керемет және мені ерекше шабыттандырады. Кім біледі, мүмкін келесі әнімізді бірге орындайтын боламыз.

Рик Мейстон, Agentfox Media компаниясының өкілі:

– Ол небәрі 24 жаста және бұдан әрі де жетіле бермек. Димаш Лондонға және Еуропаның басқа да қалаларына жиі келіп тұрады деп үміттенемін.

Концерт негізінен патриоттық рухта өтті. Димаш сахнада халық әндерін орындап, ұлттық аспапта ойнады. Жанкүйерлеріне қазақ тілін үйретіп, Қазақстанға саяхаттауға шақырды.

Сапалы дыбыс пен жарық. Жанды дауыс. Мұндай думанды қойылымға азуын айға білеген шоу бизнес өкілдері де қызыға қарары хақ. Естіп-көргеніне тыңдарман да тамсанып отыр. Тек Димаштың әкесі бәйгеге шапқан баласын шеттен бақылап, тақымын қысып тұр.

Қанат Айтбаев, продюсер:

– Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Негізгі мақсат – қазақтың әнін, өнерінің көкжиегін кеңейту.

Сондай-ақ сахнада әлемдік хиттер, авторлық әндер және Димаш үшін ағылшын және қытай тілдерінде арнайы жазылған әндер орындалды. Туындылардың бірін Димаш досы Денис Тенге арнады.

Димаш Құдайберген, әнші:

– Өзімнің арманымдағы істерімді атқардым. Қазақтың халық әндерін орындадым. Көрермендердің сүйіп қалған әндерін орындадым. Сол себептен ерекше көңіл-күйдемін. Өте қуаныштымын.

Министрлік өкілдері бірегей қойылым «Қазіргі заманда жас дарындарды қолдау және дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғандығын айтады.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Осы бағдарлама аясында 10 жылдың ішінде көптеген жас талант конкурстарға, фестивальдерге, байқауларға қатысып, аттарын әлемге паш етті.

Қазір Димашқа Канада, Ресей және Оңтүстік Азия елдерінде ән кешін ұйымдастыру туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Продюсерлері лайықты репертуар жасап болған соң әлемді тағы да таң қалдыруға дайын екендіктерін айтады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Осы категория бойынша: « Алматыда болашақ өнер адамдарын жаңаша оқыту мәселелері талқыланды Кино. «Құлагер» ұлттық жүлдесінің игерлері анықталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы