369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жәния Әубәкірова Вилянув сарайында өнер көрсетті

  • 91
  • UPD: 09:56, 22.11.2018

Франция, Австрия мен Германиядағы концерттерден кейін, өнер майталманы Жәния Әубәкірова Шопеннің туған еліне барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйгілі әртістің концерті Польша тәуелсіздігінің 100 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келді. Жергілікті көрермендер үшін бұл – үлкен сый.

Вилянув сарайы – Польша корольдерінің жазғы резиденциясы. Жания Әубәкірованың концерті дәл осы тарихи ғимаратта өтті. Қазақстандық өнерпаздың өнерімен Польша көрермендері жақсы таныс. Ол мұнда бірнеше концерт өткізіп, шеберлік сабақтарын берген. Тіпті мәдениетке қосқан үлесі үшін Польшаның «Алтын Крест» мемлекеттік наградасымен марапатталған.

Көзі қарақты көрермен бұл концертті тағатсыздана күтті. Өнер кешіне елдің қоғам қайраткерлері, дипломаттар, бизнес өкілдері мен жергілікті қандастарымыз қатысты. 

Хорхе Марти Мартинез, Кубаның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Мен концерттен жақсы әсер алдым. Шеберлікпен орындалған әуенді тыңдаған бір ғанибет. Тамылжыған әуеннен әуеде қалықтап кеткендей болдым. Көптен бері музыкадан мұндай ләззат алмап едім. Сіздерге көп рақмет!

Мариа Зовадска, Мәдениет және тарих қорының президенті:

– Еліміз мерейлі тойын атап жатқан кезде осындай концерт өткізу тамаша ой болған. Концерт керемет өтті. Демімді ішке тартып тыңдадым. Мұндай кештерді жиі ұйымдастыру қажет деп ойлаймын.

Вислав Халуха, Краков қаласындағы ҚР Құрметті консулы:

– Өте әдемі концерт болды. Қазақстандық пианисттің орындауында Шопеннің туындыларын тыңдау ұмытылмас әсер қалдырды. Бұл концерт елдеріміздің өзара қарым-қатынасы тек мәдениет саласында ғана емес, сондай-ақ бизнес пен өзге де салаларда дамып келе жатқанын аңғартады.

Жәния Әубәкірова шығармашылық еңбек жолының 30 жылдығына орай өткен концертте таңдаулы классикалық туындылар орындалды. Олардың ішінде Фредерик Шопен пен Франц Шуберттің шығармалары бар. Қазақстандық пианист неміс велончелисті Давид Герингас пен жас скрипкашы Ержан Күлібаевпен бірге күрделі үш шығарманы әуелетті. Музыканттардың өнеріне тәнті болған көрермен аяғынан тік тұрып қошемет көрсетті. Өнерпазды қайта-қайта биске шақырды.

Жәния Әубәкірова пианист, ҚР халық әртісі:

– Бізді қалай қабылдағанын өзіңіз де көріп тұрсыз. Елдің ыстық ықыласы айрықша қуантып отыр. Өйткені бұл гастрольдік сапарымыздың соңғы концерті еді. Әрине біз үшін Варшава Шопеннің жүрегі іспетті. Сән-салтанаты жарасқан корольдердің сарайында классикалық кешті өткізу – үлкен мәртебе. Мен мұнда бұрын да өнер көрсеткенмін. Сондықтан қайта оралып, мұнда концерт беру мені ерекше шабыттандырады.

Еуропадағы турне Варшавамен аяқталды. Алдағы уақытта Қытай мен Ресей елінде концерт қою жоспарланған. Жәния Әубәкірова келер жылы Жапония мен Еуропаның өзге де елдерінде гастрольдік сапар ұйымдастырмақшы.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Осы категория бойынша: « Әлемнің 27 елінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы бар «Ботай» қонысын зерттеу жұмыстары жалғасын таппақ »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы