369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британдық БАҚ өкілдері Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына тәнті болды

  • 163
  • UPD: 15:26, 23.11.2018
Британдық БАҚ өкілдері Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына тәнті болды Мәдениет және спорт министрлігі

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы керемет концертінен соң әнші шетелдік БАҚ өкілдеріне бірқатар сұхбат берді және Қазақстан туралы айтты.

19 қарашада Лондонда Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылып, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен болды.

«Indigo at the O2» концерт залындағы триумфынан соң Димаш Құдайберген халықаралық жетекші БАҚ өкілдерімен кездесу үшін Лондонда тағы 2 күн болды. Димаш әр сұхбатында Қазақстан туралы, ұлттық салт-дәстүрлер туралы қазақ тілінде айтып берді. Әншінің айтуынша, ол әлемге туған елінің мәдениетін ана тілінде жеткізетінін мақтан тұтады. Димаш Құдайберген Лондонда өткен өзінің алғашқы жеке концертін ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдірді.

Сондай-ақ осы күндері әнші Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовпен кездесті. Елші мырза Димаштың бүкіл әлемде Қазақстан елшісі екенін және еліміздің беделін әлемдік деңгейде көтеріп жүргенін атап айтты.

Сол күні әнші Лондондағы қазақстандық студенттермен кездесті. Кездесу Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы елшілігінде өтті. Музыкантпен кездесуге сан алуан саланың болашақ мамандары келді. Олар тосын фотосессия өткізіп, өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарын қойды.

Әлемдік жетекші редакцияларға арналған сұхбат сериясын Димаш Құдайберген BBC телевизиясы мен радиосын аралаудан бастады. Британдық ВВС жалпы ұлттық қоғамдық телерадио таратылымы ұйымының студиясында Димаш қазақ тілінде бірегей сұхбат беріп, өз шығармашылығымен бөлісті. «BBC World Service» радиостанциясында музыкант «Cultural Frontline» сенбілік шоуы үшін өзінің табыс жолындағы тарихымен бөлісті. Бағдарлама жүргізушісі Тина Дахели әншімен оның музыкалық жолы туралы әңгімелесті. Радиостанцияның жаһандық апталық аудиториясы 75 миллион тыңдарманнан тұрады.

Одан бөлек, жас әнші Лондондық «Candid» журналының тілшісі Адам Зорганимен кездесті. Адам Indigo at The O2 залында өткен Димаштың концертінде болғанын және қазақстандықтың шығармасына тәнті екенін айтты.

«1883» интерактивті мультимедиялық платформасына Димаш өз шығармасы мен болашаққа құрған жоспары туралы айтып берді. Портал редакциясы сәнді музыка, кино, саяхат және өнер әлеміндегі соңғы жаңалықтарды таратумен айналысады.

Қазақстандық әнші Ресейлік ТАСС жетекші ақпараттық агенттігінің тілшілерімен кездесу өткізді. Сұхбат барысында Димаш Игорь Крутоймен бірге жасап жатқан жұмыстары және ресейлік композитормен болашаққа құрған шығармашылық жоспарлары туралы толық ақпарат берді.

Британдық танымал фотограф Майкл Дональд Димаш Құдайберген үшін фотосессия жасады. Майклдың жұмыстарының қатарында америкалық кинорежиссер Мартин Скорсездің, «The Rolling Stones» рок-тобының вокалисті Мик Джаггердің, бразилиялық футболшы Пеле мен басқа да атақты адамдардың фотосуреттері бар.

Сондай-ақ осы күндері әнші Ұлыбританиядағы World History Archive бас директоры Александр Голдбергпен кездесті. Александр Димаш Құдайберген туралы автобиография жазуды жоспарлап отыр. Кездесу жанға жайлы жағдайда өтті, ол Димашқа қазақ домбырашысы бейнеленген фотосуретті сыйға тартты. Бұл жұмыстың атауы жоқ. Алайда, ол 1890 жылы жасалғаны белгілі.

Қазақстандық теңдессіз әншінің шығармасы тілшілердің ғана емес, Ұлыбританиялық жұлдыздардың да қызығушылығын танытты. Концерт көрермендері қатарында жергілікті жұлдыздар да болды. Димаш өнер көрсеткен күні әншіге қолдау көрсету үшін, Англияға атағы жайылған әнші Талия Сторм келді. Ол достарымен бірге Димаштың алдағы концертіне сәттілік тіледі. Англиялық әнші концерт барысын өз аккаунтына жазылғандарға арнап, әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетті. Концерттен соң олар хат алмасып, араларында достық байланыс бастау алды.

Лондондағы естен кетпес күндерден соң Димаш Құдайберген елге оралды.

19 қарашада Лондонда Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті - «DQ» бірегей шоуы өткенін естеріңізге саламыз. Indigo at The O2 концерт залы толығымен толтырылды, ал көрермендер әлемнің 45 елінен келді.

Осы категория бойынша: « Сарапшы: Президент мақаласы ғылыми дәлел мен дәйектерге негізделген Тарихшы: Құнды құжаттар зерттеледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы