369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» Агенттігі мен TRT бірігіп деректі фильмдер түсірмек

  • 299
  • UPD: 23:24, 30.11.2018

Оған Елбасы мақаласындағы «Түркі әлемінің бесігі», «Түркі әлемінің генезисі» тақырыптары арқау болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Түркияның Кастамону қаласында өткен «Түркі дүниесі және кинематография» атты халықаралық жиында белгілі болды. Оған Түркияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның алдыңғы қатарлы сала мамандарымен қатар «Хабар» Агенттігінің де өкілдері қатысты.

Адаммен адамды, халықпен халықты жақындастыратын ерекше құрал – кинематография. Төрткүл дүние көгілдір экран арқылы бір-бірін танып, тұрмыс салты мен тарихына үңіліп отырады. Түріктің Кастамону қаласында бас қосқан сала мамандары осындай пікірде. Олардың айтуынша, түбі бір түркі жұрты ретінде бірлескен жобаларды жүзеге асырудың кезі келді. Осы орайда бірігіп деректі фильм, телехикая түсіріп, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи секілді ағартушыларды насихаттау қажет.

Эркан Дурду, Түркия телерадиокорпорациясы бас директорының орынбасары:

- Түркі дүниесіндегі кино саласындағы ынтымақтастық тақырыптарын кеңінен талқыладық. Тамырлас халықтармен құндылықтарымыз бір. Осы себепті, кино, телехикая мен деректі фильм түсіру үшін көптеген тақырыптар бар. Тарихи дастандарымыздың өзі жеткілікті. Бұл туындылар арқылы түркі халықтарымыздың бір-бірін түсінісуі одан әрі арта түсетіндігіне сенімдімін. Біз барлық қаражаттарды алуға дайынбыз. Бастысы, елдеріміздің ағартушылары мен сала мамандарының басын біріктіруіміз қажет.

Шара барысында түркітілдес мемлекеттерден келген киноиндустрия мамандары өз елдеріндегі тәжірибе жайлы баяндама оқып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Әсіресе «Хабар» Агенттігі арнайы жобалар продюсері Ысқақ Егембердиевтің баяндамасы көрермендердің көңілінен шықты. Журналистика факультетінде оқитын екі мыңға жуық студент сан-салалы сұрақтарға мардымды жауап алды.

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- ТRТ компаниясы мен Кастамону университеті ұйымдастырған осы шара өте жақсы өтті. Екі тарап бірнеше мәселеге жауап алды. Атап айтқанда, жалпы екіжақты киноөндірісі саласының дамуы және деректі фильмдердің әзірленуі, арнайы шығарылымдардың шығарылуы. Осы мақсатта көптеген жұмыстар бізді күтіп тұр. Енді соған мүмкіндік туып отыр. Бір айта кетерлігі, өздеріңіз білесіздер, жақында Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерген мәселелерді осы жерде сөз болды. Оның ішіндегі негізгі тақырыптар – «Түркі әлемінің бесігі», «Түркі әлемінің генезисі». Осы мақсатта алдағы уақытта деректі фильмдерді әзірлеуге уағдаластық.

Шара соңында «Хабар» Агенттігінің продюсері Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқысымен өтетін «Бастау» студенттер арасында деректі фильмдер байқауы туралы ақпарат берді. Оған қатысу ережелерін жолдарын түсіндірді.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Осы категория бойынша: « «Қылмыс пен жаза философиясы» кітабы қазақ тілінде жарық көрді Оқушылар көшірмесі сақталған көне пештің тарихымен танысты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы