377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Польша халқы қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін тыңдады

  • 288
  • UPD: 01:16, 01.12.2018
{remote}https://24.kz/bxOIUuxhqVw{/remote}

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік мейрамы Варшавада да тойланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елішілік дипломаттары ұйымдастырған шарада Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыканттары концерттік бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ танымал әншілер Рамазан Стамғазиев пен Нұрлан Албан да өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Қазақ елінің қос мейрамы Варшаваның төрінде концертпен тойланды. Еуропаға арнайы барған өнерпаздар ауқымды бағдарлама дайындады. Құрманғалы мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлері күмбірлеп, дәстүрлі қазақ әндері шырқалды.

Мың бұралған бишілеріміз кештің көркін қыздыра түсті. Олардың өнеріне тәнті болған қонақтар өнер ұжымына қошеметтерін аямады.  Ал тірескеннің тізесін бүктірер алып денелі батырларымызбен еуропалықтар кезекке тұрып суретке түсті.

Шәріпбек Әмірбеков, Т.К. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА проректоры:

- «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ музыкалық мәдениетінің мыңжылдық жетістіктері аталған, сол себептен дәстүрлі қазақ өнеріне ерекше көңіл бөлдік. Халқымызды терең тани бастасын деп қонақтарымызды қазақ мәдениетінің жетістіктерімен таныстырғымыз келді.

Қазақстанның қуанышына Польшаның танымал тұлғалары ортақтасты. Президент әкімшілігінің өкілдері, депутаттар, шетел дипломаттары мен  халықаралық ұйымдар жылы лебіздерін білдіріп, Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады. 

Барбара Бартущ, Польша Республикасы Сеймінің депутаты:

- Қазақстанмен ынтымақтастығымыз берік. Қазақ елі – Орта Азияның көшбасшысы. Осы күні студент алмасып, екі ел азаматтарының емін-еркін қатынауы үшін бар жағдай жасалған. Поляктарға визасыз режим енгізілді. Тікелей әуе рейстері қатынайды. Қазақстанға тек табыс тілейміз.

Анджей Стефаньский, EXPO-2017 Польша ұлттық павильонының комиссары:

- Польша мен Қазақстан арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы Польшаға және Анджей Дуданың 2017 жылы Астанаға жасаған сапарлары серпін берді деп санаймын. Польша басшысының сапары ЭКСПО-2017 көрмесіндегі біздің ұлттық күніне арналған еді. Жалпы, бұл халықаралық көрмені өткізу арқылы Қазақстан әлемдегі беделін арттырды.

Салтанатты шарада сөз алған елші Марғұлан Баймұхан да қос елдің қарқын алып келе жатқан байланысын бағамдады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін арадағы алыс-беріс 2 миллиард долларға жетеді. Бизнес пен инвестиция тарту мәселесінде де екі жақ жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Маргұлан Баймұхан, Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Польша капиталының Қазақстан нарығына инвестиция салуында нақты нәтижелер бар. Оның арасында Түркістан облысында 15 миллион еуроға жылыжай кешенін салған. Ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін өңдеу, химия және фармацевтикаға басымдық беріп отырмыз. Қазақстанға қатысты келесі жобалар жиһаз шығару және, әрине, жаңа технологиялар, экономикамыздың түрлі салаларын цифрландыру бойынша жүзеге асады.

Туризм саласындағы әріптестік те нығайып келеді. Польшалықтар қазақ жеріне жиі сапарлап, көрікті жерлерімізді аралай бастады. Еуроодақтан елімізге келетін әрбір үшінші турист Польша азаматы.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы