371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық шеберлердің туындылары Хвасон қамалына қойылды

  • 204
  • UPD: 23:43, 30.11.2018

Оңтүстіккореялықтар үшін Қазақстанның мәдениетін картиналар мен өнер туындылары арқылы танып-білуге мүмкіндік туды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Таңғы шық елінде «Еуразиялық қиял. Постскриптум» атты көрме ашылды. Лондон, Берлин және Джерсисити қаласында өткен шарада қазақстандық картиналар, мүсіндер және өзге де қолөнер туындылары қойылды.

Қазақстандық шеберлердің туындылары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы Хвасон қамалына қойылды. Дәл осы жерде үш жыл бұрын SUWON IPARK өнер мұражайы ашылған. Жалпы, қазақстандық суретшілердің ауқымды көрмесін өткізу туралы келіссөз 1 жылға созылды.

Роза Әбенова, «Назарда Қазақстан» жобасының жетекшісі:

- Көрме – аға буын, орта және жас ұрпақ өкілдерінің диалогы. Ол мәдени көркемдік мұрагерлікті зерттеп, біздің елдегі ғаламдық тарихи өзгерістерді көрсетеді.

Суретші Бақыт Бүбіханова Кореяға осымен екінші рет келіп отыр. Көрмеде қонақтарға туындыларын өзі таныстырады.

Бақыт Бүбіханова, суретші:

- Мына ромб тарихты, мекенді, өзіндік ерекшелікті, жан-жануарларды, өсімдіктерді көрсетеді. Яғни қандай да бір мекенде өмір сүрген халық туралы баяндайды. Бұл ұғымның бәрі осы ромбпен берілген. Ол осы тұста не бейнеленгенін ашатын кілт секілді.

Жалпы, көрмеде Қазақстанда тұрып жатқан Михаил Ким, Борис Пак, Александр Угай, Наталья Дю және Леонид Хан есімді кәріс ұлты өкілдерінің де туындылары қойылған. Бұл жергілікті халықтың шараға деген қызығушылығын арттыруда.

Шин Ын Ён, SUWON IPARK өнер мұражайының кураторы:

- Қазақстан ежелден Шығыс пен Батысты байланыстырушы мәдени көпір болып саналады. Бұл мемлекет ірі тарихи, саяси және қоғамдық өзгерістерді басынан кешірді. Қазақстан өнері бір шеңбермен шектелмейді. Ол тарих секілді түрлі форманы, жан-жақты бағытты қамтиды.

SUWON IPARK мұражайы қазақстандық көрмені жыл оқиғасы деп отыр. Сарапшылар көрмедегі картиналар мен инсталяциялар арқылы Қазақстан өнерінің, жалпы мемлекеттің қалай дамығанын көріп-түсінуге болатыны айтады. Ұлы дала елінің көрмесі Сувонда келесі жылдың наурыз айына жалғасады. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Осы категория бойынша: « Польша халқы қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін тыңдады Семейде 180 оқушы қазақтың танымал күйлерін орындады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы